Алматыда полицейлерге пышақ ала жүгірген әйелдің не үшін ұсталғаны белгілі болды
2022 жылғы 19 мамыр 16:21

Алматыда полицейлерге пышақ ала жүгірген әйелдің не үшін ұсталғаны белгілі болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда 36 жастағы әйел қылмыстық жауапкершіліктен босату мәселесін шешуге көмектесемін деген желеумен бірнеше адамнан қомақты ақша алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күдікті - 1986 жылы туған М. есімді азаматша қала орталығында ұсталды. Ол полицияға белсенді түрде қарсылық көрсетіп, пышақпен шабуылдады. Содан кейін өтіп бара жатқандардың назарын аудару үшін қатты айғайлады»,- дейді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Полиция өкілінің сөзінше, күдікті бірнеше адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатуға уәде беріп, қомақты қаржы алған.

«Бізге бірінші өтініш өткен жылдың қазан айында түскен. Қылмыстық жауапкершіліктен босату мәселесін шешуге көмектесемін деген желеумен аталған әйел «клиенттен» 20 мың доллар алған. Азаматтар мамыр айында екінші өтінішпен жүгінді. Бұл жағдайда күдікті қылмыстың квалификациясын өзгертуге уәде беріп, 2,5 млн теңге алған. М. есімді азаматшаға қатысты ҚР ҚК 190 бабы 4 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды»,- деді спикер.

Қазір тәртіп сақшылары ұсталған азаматшаның осыған ұқсас эпизодтарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.

Полиция қызметкерлері М. есімді әйелдің әрекетінен зардап шеккендердің барлығын 8-708-707-92-02 және 8-775-774-44-41 телефондары арқылы хабарласуын сұрайды.


Ұқсас жаңалықтар
Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT