Алматыда полицейлердің көліктерін қиратқандарға қатысты тергеу аяқталды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматыда полицейлердің көліктерін қиратқан үш адамға қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы қаласында арнайы прокурорлар 3 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Олар жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасағаны және билік өкілдеріне күш қолданғаны үшін күдікке ілінді», - деді Елдос Қилымжанов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, күдіктілер қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні Алматы қаласының орталық алаңында болып, басқа адамдармен топтаса полицияның 42 қызметтік автокөлігін қиратқан.

«Түрлі құралдармен қаруланып, құқық қорғау қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін жасады. Содан кейін әкімдік ғимаратына шабуыл жасауға және өртеуге белсенді түрде қатысты. Олардың осы қылмыстарға қатыстылығы бейнекамера жазбаларымен, куәгерлердің жауаптары және сараптамалық зерттеулермен расталады. Қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды», - деді Бас прокуратура өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазіргі кезде арнайы прокурорлардың іс жүргізуінде жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 53 және терроризм актілеріне қатысты 32 қылмыстық іс бар .


Соңғы жаңалықтар