Алматыда полицейді көлігінің есігіне байлап сүйреген жүргізуші ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда полицейді көлігінің есігіне байлап сүйреген жүргізуші ұсталды. Оқыс оқиғаның видеосы әлеуметтік желіге тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқыс оқиға 11 тамыз күні 16:00-де Алматының Медеу ауданында болған. «Luxgen-7» маркалы автомобильдің жүргізушісі жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатылған. Полицейдің құжатын талап еткеніне пысқырмай, ол оқиға орнына ізін суытпақ болған.

«Жүргізуші патруль қызметкерінің көліктің есігіне ілініп қалғанына да пысқырмаған. Қайта газын басып, оны ары итере бастаған. Оқиға салдарынан полиция сержанты Руслан Мұқашевтың оң иығы сынып, еңбек сүйегінің оң жағы гематома болған. Абырой болғанда, қазір өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ол ауруханаға жатқызылды. Іздестіру бөлімі күдіктінің тұлғасын бірден анықтады. Ол 1981 жылы туған азамат И. Кеше кешкісін ол ұсталды», - деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Ерік Насырбеков.

Ер адамға бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр: ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабының 1-бөлігі (Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан бұзуы); ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 2-бөлігі (Билік өкiлiне қатысты күш қолдану); ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 1-бөлігі (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы).



Автор: Еламан Тұрысбеков

Соңғы жаңалықтар