Алматыда пандемия кезіндегі мәдениет пен спорт саласының дамуы талқыланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда мәдениет және спорт саласының пандемия жағдайындағы дамуы Азаматтық форум барысында талқыға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форум қатысушылары пандемия кезінде мәдени бұқаралық шараларды іске асыру мәселелерін сөз етті.

«Біздің жиынның мақсаты осы сала мамандарының пікірін тыңдау. Сондай-ақ, дағдарысты жеңу туралы шешімдерді де қарастыру көзделген»,- деді модератор қоғамдық кеңес мүшесі Бекнұр Қисықов.

Мәдениеттанушы Ольга Веселованың айтуынша, онлайн форматтың өзектілігіне байланысты заманауи қазақстандық контентті дамыту маңызды.

«Суретшілерге пандемия өте қатты әсер еткен жоқ. Сату жағынан қиындық болды. Себебі, галереялар жабық. Бізде онлайн дүкен дамымаған. Оны мойындау керек. Сол үшін арнайы сайт жасадық. Ол жерде суретшілердің еңбегімен танысуға болады. Сайтымыз әзірге ағылшын тілінде істеп тұр. Қазір ақпаратты қазақшаға, орысшаға аударуды ойластырып жатырмыз. Бізге онлайн галерея қажет», - деді Ольга Веселова.

«Бізге бұқаралық спорт шараларын өткізуге қатаң тыйым салынған. Осы мәселеге жеке тоқталу керек еді. Адам санына қарай ережені қайта қарау керек», - деді «Алматы марафон» ұйымдастырушысы Салтанат Қазыбаева.

Қалалық Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов эпидемиологиялық ахуалға байланысты барлық спорт шараларына қатысты шектеу қойылғанын айтты.

«Әр шараның ұйымдастырушыларымен жеке-жеке кеңесеміз. Шараның алгоритмін СЭС мамандарымен біріге қараймыз. Санитарлық нормалар қаншалықты сақталатыны алдын ала бағаланады», - деді басқарма басшысы.

Дискуссия барысында кәсіпкер Ерлан Стамбеков политехникалық институт жанындағы аллеяны Дос-Мұқасан тобының атына беруге ұсыныс айтты.

«Жыл сайын қаламызда түрлі мәдени орындар пайда болады. Бұл мәселе әкімдікпен бірге шешіледі. Алматы тұрғындары бұл идеяға қарсы бола қоймас», - деді мәдени орындар картасы жобасының авторы Бағила Ахатова.


Соңғы жаңалықтар