Алматыда өз сәбиін сатып жіберген келіншек қамауға алынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы соты сәбиін 180 мың теңгеге сатып жіберген алматылық келіншек Дильфуза Маташованы 2 айға қамауға алу туралы санкция шығарды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хатшысы Қуандық Ешімет хабарлады.

«2015 жылдың 28 қаңтарында Алматы қаласы №2 Бостандық аудандық сотында ҚР ҚК-нің 135-бабының 1-бөлігімен (кәмелетке толмағандарды саудалау) айыпкер Дилфуза Маташованы екі ай мерзімге қамауға алу санкция берілді», - деді Қ.Ешімет.

Алматы облысы Іле ауданының 27 жасар тұрғыны 19 желтоқсанда Алматы қаласындағы перзентханалардың бірінде босанған.

Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған азаматша нәрестені саудалауды бұрыннан ойластырып жүрген екен. Аяғы ауыр кезінен-ақ өзінің баласын сатып алатын адамдарды іздеген. Ана бақытын аңсап жүрген жалғызбасты әйел бірден табылды. Бір айлық қыз бала 180 мың теңгеге бағаланды. Екі мәмілегер кешкі сағат 7-лер шамасында Бостандық ауданында кездесіп, саудаласып жатқан жерінен ұсталды.

Полиция қызметкерлері тінту кезінде босанған әйелден 180 мың теңгені тәркіледі. Келіншек өзінің жымысқы жоспары барын бірден мойындады. Сұрақ-жауап алу барысында ол осыған дейін де екі бала туып, перзентханаларға қалдырып кеткенін айтқан.

Қазір оған қатысты ҚР ҚК 135-бабына сәйкес (кәмелетке толмаған балаларды сату, саудалау) қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар