Алматыда өткізіліп жатқан солтүстік спорт түрлері бойынша әлем чемпионаты шетелдік сарапшылардың жоғары бағасына ие болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өткізіліп жатқан жасөспірімдер арасындағы солтүстік спорт түрлері бойынша әлем чемпионаты шетелдік сарапшылардың жоғары бағасына ие болды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Олардың ойынша, ұйымдастырушылар ойынның жоғарғы деңгейде өткізілуін қамтамасыз еткен.

«Әлем чемпионатының алдын ала қорытындысы бойынша мұндай бағаны шетелдік сарапшылар, халықаралық спорт делегацияларының мүшелері және ойынға қатысушы атлеттер беруде. Қала қонақтары шаңғымен жүгіру трассасының шаңғы кешені аумағында орналасқанына, спорт құрылымының ыңғайлы, әрі қала орталығына жақын екеніне назар аударуда. Сондай-ақ, олардың айтуынша шаңғымен жүгіру трассасы қысқа мерзім ішінде барлық стандарттарға сай, әрі сапалы салынған»,- делінген хабарлмада.

Әлем біріншілігі отандастарымыз бен шетелдік жанкүйерлер арасында үлкен қолдауға ие болуда. Айта кетерлігі, елімізде өткізіліп жатқан жасөспірімдер арасындағы солтүстік спорт түрлері бойынша әлем чемпионатына кіру - тегін.

Естеріңізге сала кетейік, әлем жарысы өткізіліп болған соң, шаңғымен жүгіру трассасы кез келген жыл мерзімінде қала қонақтары мен тұрғындары үшін ашық болады. Ең алдымен, спорт нысаны тек әлем жарыстарын өткізу үшін емес, алматылықтар арасында қысқы спорт түрлерін кеңінен дамыту үшін салынған. Алматылық жасөспірімдер үшін тегін сабақ жүргізілетін болады.

Соңғы жаңалықтар