Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға 64 елдің спортшысы қатысады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жақында Алматыдағы 2017 жылғы қысқы Универсиадаға қатысуға тіркелудің алғашқы кезеңі аяқталды. Халқаралық спорт додасына қатысуға 64 ел өтініш білдірді. Бұл - рекордтық көрсеткіш болып отыр.

2017 жылғы Универсиаданың  www.almaty2017.com  сайтында жүргізілген аккредитацияның бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша, 64 елдің студенттік спорт федерациялары ресми өтініштерін жіберген.

Атап айтқанда, Еуропадан - Германия, Швейцария, Норвегия, Ұлыбритания, Франция, Латвия, Польша, Ресей Федерациясы, Словакия, Италия, Швеция, Грузия, Австрия, Венгрия, Финляндия, Чехия, Түркия, Украина, Испания, Словения, Беларусь, Хорватия, Эстония, Румыния, Македония, Босния және Герцеговина, Болгария, Әзербайжан, Сербия, Литва, Армения, Нидерланды, Бельгия, Португалия, Израиль, Черногория;

Америка құрлығынан - Америка Құрама Штаттары, Канада, Бразилия, Аргентина, Чили;

Азия құрлығынан - Жапония, Қытай, Қазақстан, Корея Республикасы, Монғолия, Ауғанстан, Қытай Тайпэйі, Түркменстан, Тайланд, Қырғызстан, Ливан, Гонконг (Қытай), Тәжікстан, БАӘ, Пәкістан, Иран, Непал;

Африка құрлығынан - Оңтүстік-Африка Республикасы, Уганда, Мадагаскар, Гамбия, Океания континентінен - Австралия, Жаңа Зеландия елдері қатысады.

Айта кетейік, 2007 жылы Италияның Турин қаласында өткен қысқы Универсиадаға 48 ел қатысқан. Ал 2011 жылы Түркияның Эрзурум қаласында өткен ойындарда  52 ел, Трентино (Италия)  50 ел, Гранада, Штрбске-Плесо (Испания, Словакия)  42 ел қатысты.

«Алматыдағы Универсиадаға дайындық қарқынды жүріп жатыр. Барлық операциялық жұмыстар Халықаралық студенттік спорт федерациясының кеңесі мен талабы бойынша атқарылуда. Барлық функциялар алдын-ала тестілік шараларда сыналады. Біздің мақсатымыз - Алматыдағы қысқы Универсиаданы жаңаша әрі тиімді өткізу. Бұл ойындар - Қазақстан мен әлемде студенттік спорттың дамуына септігін тигізеді», - деді 2017 жылғы қысқы Универсиаданы ұйымдастыру және өткізу бойынша дирекциясының директоры Әсет Әбуалиев.

Еуропаның студенттік спорт федерациялары ең бірінші болып, 2017 жылғы 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға қатысу туралы ниеттерін білдірді. Мәселен, Ұлыбритания құрамасы Алматыда өтетін Универсиадаға дайындықтарын бастап кетті.

«Қазір біз студент спортшыларды жан-жақты іріктеуді бастадық. Сыннан сүрінбегендер, келер жылы Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға барады. Біз Ұлыбританияның барлық спорт федерацияларымен тығыз қарым-қатынастамыз. Олар біздерге жаттығу жұмыстарына көмек қолын созуда. Хоккейден ерлер құрамасы 29-шы қаңтар күні, 2017 жылғы қысқы Универсиадаға тура бір жыл қалған уақытта дайындықтарын бастап кетті», - деді Ұлыбританияның студенттік-спорт федерациясының бас хатшысы Нил Роджерс.

Алматыдағы қысқы ойындарға Ұлыбритания атынан 90 спортшы келеді деп жоспарланған. «FISU қанаты астындағы Универсиада ойындары- жауапты әрі қызықты, жоғары деңгейлі жарыс. Біз Алматыдағы қысқы ойындарды асыға күтудеміз», - дейді Н.Роджерс

Швейцарияның студент-спортшылары да қысқы ойындарға дайындықтарын бастады. Қазіргі таңда олар ұлттық және халықаралық жарыстарда тәжірибелерін шыңдап жүр.

Айта кетейік, Алматыдағы Универсиада 2017 жылдың 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді. Жарыстар 12 спорт түрінен, 8 спорт нысанында өткізіледі. Алматыдағы доданы, жарыс уақытында әлемнің 1 млрд халқы тамашалайды деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар