Алматыда отбасылық фестивальде балалар жанды ғаламшарға сапар шегеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл сайын өтетін «Unity Family Fest» отбасылық фестивалінде балалар биыл жанды ғаламшарға сапар шегеді.

Атаулы мереке биыл «Сұңқар» жыртқыш құстар тәлімбағында өтеді. Бүгін фестивальдің ұйымдастыру комитеті тамыздың 1-2-cі аралығында өтетін шараның басты қызықтарымен бөлісті. «Қазақстандағы жалғыз «Сұңқар» жыртқыш құстар тәлімбағында сұңқар, үкі, бүркіт сынды жыртқыш құстар, тазы иттер мекен етеді. Балалар мен ата-аналар бұл жерде құстармен суретке түсіп, тазылардың өмір сүру салтымен танысады. Жалпы, біздің мақсатымыз жабайы табиғатпен мейлінше жақын жанасу болып табылады. Сондай-ақ мұнда балалар сүт бетіне, топыраққа сурет салуды меңгереді. Оларға арналған түрлі гимнастика, қызықты ойындар, викториналар ұйымдастырылады. Ал ата-аналар өзара пікірталас клубында бала тәрбиелеу туралы әңгіме-дүкен құрмақ», - деді фестиваль директоры Ботагөз Алдоңғарова. Фестиваль барысында қауіпсіздік шаралары жан-жақты қарастырылған. Балалардың басы-қасында жедел жәрдем бригадасы кезекшілік етеді. Отбасылық фестивальдің алаңы барлығы 11 тақырыптан тұрады. Келушілер омарташылардың да жұмысымен танысып, араның өмір сүру циклін тамашалай алады. «Биылғы мерекенің бір ерекшелігі - бізге қонаққа Астанадан мүмкіндігі шектеулі талантты балалар шақырылып отыр. Басты мақсатымыз - олардың табиғат пен қоғамға мейлінше бейімделуін қамтамасыз ету», - деп қорытындылады Б.Алдоңғарова.

Соңғы жаңалықтар