Алматыда өртке қарсы арнайы режим енгізілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда өртке қарсы арнайы режим енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Самат Асаинов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Самат Асаиновтың айтуынша, Алматыда өрттің қауіпті кезеңі наурыз айында басталып, әдетте қазан айына дейін созылады. Осы уақытта ТЖД құрамы күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді. Табиғи өрттің алдын алу бойынша мониторинг жүргізіледі.

«Биыл шілде айында ауа райы құбылмалы болды. Күн қатты ысыды. Аздап жауған жауын-шашыннан ауа температурасы төмендеген жоқ. Әсіресе бұл таулы аймаққа қатысты. Алайда уақтылы қабылданған шаралардың арқасында өрттің алдын алдық. Өрттің қауіпті кезеңі басталғаннан бері 193 ағаш өртенді. Биыл құрғақ шөптің жануы 14,3%- ға, құрғақ өсімдіктердің жануы 55,2%-ға азайды», – деді Алматы ТЖД бастығының орынбасары.

Бұған дейін көктемде жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен ауқымды жұмыс қолға алынды.

Аудан әкімдіктері жалпы ауданы 153,7 га құрғақ шөпті тазалау жұмыстарын жүргізді. Жер жыртылып, ұзындығы 75,57 шақырым минералды жолақтар жаңартылды.

Сондай-ақ спикер ТЖД мен полиция қызметкерлерінен құралған мобильді топтың жұмысына тоқталды.

Бұл қызметке орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері қол ұшын созып, еріктілер де қатысты. Бұл топтар өрт туындауы ықтимал деген «ыстық» аймақтарды тексереді.

«Мобильдік топтар 82 бірлескен рейд жүргізді. Демалушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. От тұтатқан 235 жағдайға тосқауыл болып, 200 жеке тұлғаны әкімшілік жауапқа тартты. Оларға жалпы сомасы 437 550 теңге айыппұл салынды», – деді Самат Асаинов.

Департамент өкілі жыл сайын өткізілетін алдын алу шараларының арқасында соңғы 9 жылда таулы және орманды жерлерде, орман-саябақ аймақтарында өртке жол берілмегенін тілге тиек етті.

«Барлық құтқарушылар таулар мен ормандарда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін сақтағандары қуанатады. Табиғатта ашық оттың жағылуына жол бермеу өте маңызды. Құрғақ шөп пен қоқысты өртемеңіз. Құрғақ шөпті әдейі өртейтін адамдар, жақын аймақты тазарту үшін қауіп төндіреді. Мысалы, жеке ауланың иелері мен бағбандар ыстық күннен кеуіп қалған шөп пен қоқысты өртеп жібереді», – деді ол.

Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары Алматы тұрғындарына «Қазгидрометтің» алдын ала мәліметтері бойынша шілде айының екінші жартысында және тамыз айында мегаполис аумағында аздаған жауын-шашын, сондай-ақ ауа температурасының кей жерлерде 40 градусқа дейін көтерілуі күтілетінін айтты.

«Осы уақытта Алматы қаласы әкімдігінің, «Қазәуеқұтқару» және «Қазәуеорманқорғау» РМҚК барлық құтқару қызметтері жауынгерлік әзірлікте болады. Алматыда өртке қарсы арнайы режим енгізілді»,-деп қосты спикер.


Соңғы жаңалықтар