Алматыда өртеніп жатқан үйден 4 адам құтқарылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өртеніп жатқан үйден 4 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, 13 тамызда түнгі сағат 02: 58-де «101» пультіне Жетісу ауданы, Ақтолқын көшесі №12 үйдің жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.

«ТЖД күштері мен құралдары жоғары дәрежедегі шақырту бойынша жіберілді. Белгіленген нормативтік уақыт бойынша (8 минутта) оқиға орнына жеткенде, 2-қабатты тұрғын үйдің жалпы ауданы 300 шаршы метр ашық жалынмен жанып жатқанын анықтаған. Өрттің тез таралуына 1943 жылы салынған ғимараттың ағаш құрылымы (ағаш қалқалар, ағаш төбе жабындылары) ықпал етті. Тұрған үйдің барлық қабаттарында қою түтіннен эвакуация жолдары жабылып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді»,- деп хабарлады ведомстваның баспасөз қызметі.

Жапсарлас орналасқан пәтерлерді сөндіру және қорғау үшін дереу өрт сөндіру оқпандары берілді. Барлау және өртті сөндіру барысында өрт сөндірушілер 3 тізелік баспалдақ арқылы 4 адамды құтқарды. Олар- 52 жастағы ер адам және 10 жасар бала, 36 және 55 жастағы екі әйел.

56 жастағы әйел адам жарақат алды. Зардап шеккендер дереу қаланың медициналық мекемелеріне жатқызылды, қазір олар дәрігерлердің бақылауында.

Өртті сөндіруге жеке құрамнан 43 адам, 12 бірлік техника жұмылдырылды.

Өрт сағат 03:54-те ауыздықталып, таңғы 04:17-де толығымен жойылды.


Соңғы жаңалықтар