Алматыда өртеніп жатқан көпқабатты үйден тұрғындарды эвакуациялау қалай жүріп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өртеніп жатқан «Алтын бұлақ-2» тұрғын үй кешенінен тұрғындарды эвакуациялау сәті түсірілген видеоны жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомствоның баспасөз қызметі өрттің 01:10-да оқшауланғанын мәлім етті.

«Тілсіз жауды ауыздықтауға 70-тен астам қызметкер мен 18 техника жұмылдырылған. Эвакуация жүріп жатыр. Сол жерде тұрған жеке көліктердің көп болуы өрт сөндіру техникасына кедергі болғанына қарамастан, өрт баспалдақтары қойылды, адамдарды құтқару және эвакуациялау үшін АКТП-54 автоматты телескоптық топсалы көтергіш пайдаланылды», - деп хабарлады ведомстводан.

Оқиға орнында жедел штаб құрылып, газ-түтіннен қорғау қызметінің бөлімшелері шығыс және батыс жағында орналастырылды. «Қазіргі уақытта 120-дан астам адам эвакуацияланды, 20 адам құтқарылды, өрт сөндіру стволдары енгізілді, гидранттарға цистерналар орнатылды», - деп қорытындылады Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, 11 желтоқсанда сағат 23:58-де Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен техникасы шұғыл шақырту бойынша Алмалы ауданы, Брусилов көшесі, 167 үйдегі өртті сөндіруге аттанған болатын. Олар келген сәтте, «Алтын бұлақ-2» тұрғын үй кешенінің 6-7 қабатындағы екі блок, сондай-ақ 17-18-ші қабат жанып жатқан еді.


Соңғы жаңалықтар