Алматыда өртенген үйге күзет қойылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда түн ішінде өртке оранған үйге күзет қойылды. Бұл туралы бүгін қалалық ТЖД өткізген баспасөз мәслихаты барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдай кеше, 12 қыркүйекте түнгі 23:42-те болған еді. Түрксіб ауданы Сауранбаев көшесі бойындағы каркас пен қамыстан соғылған 18-үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.

5 минут ішінде өрт сөндірушілер жеткенше үй толығымен тілсіз жаудың шарпуында қалды. 

Жалпы 250 шаршы метр аумақ өртеніп кетті. Өртті сөндіруге 21 адам жұмылдырылып, 8 техника тартылды. Үйде ешкім тұрмайтынына байланысты ешкім жапа шеккен жоқ.

Аталған оқиға бойынша тергеу материалдары қалалық ТЖД тапсырылды. Өрттің шығу себептерін анықтауға 20 күннен бастап 3 ай уақыт кетуі мүмкін. Сараптама да сол уақытта дайын болады. 

Қалалық ТЖД баспасөз хатшысы Сандуғаш Баймұхамбетованың айтуынша, өртенген үйді бақылауға қазір күзет қойылған. 

«Баспана өртенгенде оқиға орнында күзетуге өрт сөндіру жасағы қалады. Өйткені, мұндай үйлердің түгі қалмай жанып кетуіне 30 минут жеткілікті. Күзет не мақсатпен қойылады? Өйткені, аталған үйдің қасында басқа да үйлер бар. Өрт қайта тұтанатын болса, басқа құрылыс нысандарына нұқсан келмеуі керек», - деді Сандуғаш Баймұхамбетова.



Фото instagram/kris_p_almaty

Соңғы жаңалықтар