Алматыда өртенген үйден 300 адам эвакуацияланды

None
None
 АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өртенген үйден 300 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Төтенше жағдай болған жерде арнайы штаб құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ТЖД баспасөз хатшысы Сандуғаш Баймұхамбетованың айтуынша, 5 қабатты үйдің балконынан тұтанған өрт үйдің шатырын, мансардысын түгел шарпыған. Оқиға орнында штаб, екі сөндіру учаскесі құрылды.

Төтенше жағдаймен күресуге 82 өрт сөндіруші, 25 техника жұмылдырылды.

Айта кету керек, шұғыл хабарлама ТЖД кезекшісіне 16:03-те түскен.

«Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде белгілі болғандай, Көкжиек шағын ауданындағы №32 үйдің 3 балконы отқа оранған. Адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр», - деді С.Баймұхамбетова.

Қалалық ТЖД өкілі қосымша ақпаратты кейінірек хабарлауға уәде етті.

Соңғы жаңалықтар