Алматыда «Орталық - Азия жастар фестивалі» басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Central Asia Youth Festival» (CAYF) І Орталық - Азия жастар фестивалінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты аумағында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркиядан 18-29 жас аралығындағы 300-ден астам жас жиналды.

Ашылу салтанатына ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев пен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов қатысты.

«Бұл форум аймақтағы бейбітшілік пен өркендеу жолындағы маңызды қадам. Тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға шақырады. Бұл Орта Азиядағы бауырлас халықтардың ортақ тарихы мен ортақ әлеуметтік-экономикалық және мәдени контекстегі сындарлы диалогының жаңа моделі. Болашақ жастардың қолында. 2019 жыл Қазақстанда Жастар жылы болып жарияланды. Бұл қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге жауап беретін, жедел әрекетті қажет ететін шешім. Жаһандану кезінде ресурстардың қолжетімділігі бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Бүгінгі таңда адам капиталы - бұл ұлт табысының басты факторы. Қару жарысы, интеллект жарыстарына жол берді. Демек, Сіздер өздеріңіздің шексіз потенциалыңыз бен қабілетіңізге, күш- қуатыңызға конструктивті назар аударуыңыз керек. Біздің бар үмітіміз, күшіміз және тірегіміз жастар. Біздің алтын қорымыз да Сіздер. Бұл фестиваль рухтандыратын дұрыс бағытты қалыптастыратын шара. Біздің фестиваль - бұл алғашқы қадам. Алда ұзақ әрі қызықты саяхат күтіп тұр. Ақ жол, менің достарым!»,- Әсет Исекешев ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.


Өз кезегінде, Алматы әкімі фестиваль жыл сайын өткізілуі мүмкін екенін атап өтті.

«Қыста, демалыс күндері Шымбұлаққа 10 мыңнан астам адам келеді. Бұрын демалушылар мұнда тек қыс мезгілінде ғана келетін. Қазір олардың қатынасы 50 де 50-ге тең. Шымбұлақ кез-келген уақытта әдемі. Біздің әсем таулар Сіздерге ұнады деп ойлаймын. Бұл жерге әлі достарыңызды ертіп бірнеше мәрте келетіндеріңізге сенімдімін. Алматы - жастар қаласы. Статистикаға сәйкес, азаматтардың 37% 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Еліміздегі студенттердің 26% біздің қалада оқиды. Бұл фестиваль өзектілігін дәлелдейтініне сенімдімін. Жастардың бұл үрдісі жалғасуы керек және Алматы қаласының әкімдігі Сіздерді жыл сайын қарсы алуға дайын. Біздің таулар күніне 10 мың адамды қабылдай алады келіңіздер», - деді Бақытжан Сағынтаев.


Марат Әзілханов фестивалға жиналғандарды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің атынан құтықтады.

«Менің ойымша, Сіздер жүзеге асырылатын барлық жобалар туралы білесіздер. Келесі жылы, яғни еріктілер жылына да ауқымды шаралар дайындалуда. Сіздердің елдеріңізде өте қызықты жобалар бар екеніне және жастар саласында көп жұмыс жасалып жатқанына сенімдімін. Кез келген елде адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделері бір нәрседе біріктіріледі - адамның үйлесімді және жан-жақты тұлғалық дамуында. Бұл іс-шаралар дәл осыған бағытталған. Сіздерге сәттілік тілеймін»,- деді вице-министр.

Іс-шара жас көшбасшылардың әлеуетін дамытуға, Орталық Азия жастары үшін тұрақты диалог алаңын құруға, аймақтық интеграцияға, серіктестік қарым-қатынас орнатуға, аймақ елдерінің жастар ресурстарын жұмылдыруға және жастар саясатындағы озық тәжірибемен алмасуға бағытталған.

Екі күндік фестиваль бағдарламасына түрлі сессиялар, шеберлік-сабақтар, дизайнерлік жұмыстар және питчинг- сессиялары кіреді.

Шараны ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастыруда. Фестиваль Жастар жылына арналды.




Соңғы жаңалықтар