Алматыда «Оңтүстік» саябағы мемлекет меншігіне қайтарылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Оңтүстік» саябағы орналасқан жер учаскесін мемлекет қажеттілігі үшін қайтарып алу рәсімі аяқталды. Әкімдік жеке компанияға 2,3 млрд теңгеден астам сома өтемақы төлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуінің бірінде қала тұрғындары аталған жер учаскесін мемлекеттік меншікке алу және саябаққа абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы бастама көтерген болатын.

«2022 жылғы 5 қазанда Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жер учаскесін мемлекет қажеттілігіне қайтару жөніндегі әкімдік талабы қанағаттандырылды, өтемақы сомасы 2 338 817 000 теңге мөлшерінде айқындалды (сарапшылардың 2022 жылғы 21 қыркүйектегі № 5386 қорытындысына сәйкес).

2022 жылғы 22 желтоқсанда Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.

2023 жылғы 13 қаңтарда өтемақы сомасы «Jusan Property» ЖШС-ға аударылды»,- деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Қазіргі кезде Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы «Оңтүстік» саябағын абаттандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу құжаттарын дайындап жатыр.

Еске салсақ, 2007 жылы Бостандық ауданындағы Си Синхай көшесінің оңтүстігінде, Жароков көшесінің шығысында (кад. № 20-313-011-518) жер телімі көпқабатты тұрғын үй салу және пайдалану үшін «Turkuaz Invest» ЖШС жеке меншігіне берілген болатын (Алматы қаласы әкімдігінің 08.11.2007 ж. №9/1097-39 қаулысы). Кейін учаске «Jusan Property» ЖШС-ға берілді.


Соңғы жаңалықтар