Алматыда онлайн мәдени іс-шаралардың афишасы жарияланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Карантин кезінде алматылықтар мәдени шаралардың онлайн көрсетілімін тамашалап қана қоймай, сонымен қатар тегін шығармашылық үйірмелерге қатыса алады. Қалалық мәдениет басқармасы онлайн мәдени іс-шаралардың афишасын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Назарларыңызға Алматы қаласы мәдени-шығармашылық онлайн-іс-шараларының афишасын ұсынамыз.

Almaty Creative Youtube арнасында көркем қимыл мектебінің 2020 #stayhome аясында заманауи өнер бойынша дәрістер қолжетімді. Қазақстан мен әлемнің заманауи өнерінің тарихы туралы біле аласыз, суретшілермен танысып, арт-менеджмент және суретшілердің жұмысындағы құқықтық аспектілер бойынша курсты тыңдауға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта мектеп базасында студенттердің виртуалды көрмесі дайындалуда.

Сондай-ақ, Almaty Creative Youtube каналында «Мәдени мұра арқылы тұлғаның дамуы» курсы бойынша дәрістер қолжетімді. Курс мәдени-білім беру бағытындағы бастауыш сынып оқушыларына бағытталған және шығармашылық пен заманауи оқытудың креативті технологияларын біріктіреді.

Аптасына бірнеше рет заманауи қазақстандық мәдениет пен креативті экономика туралы «Жасыл базар» ютуб-шоу шығады. Журналист Мәди Мәмбетов пен философ Оля Веселова қызықты және өзекті: болашақ театрлар мен кинодан бастап fake news және урбанистикаға дейінгі тақырыптарды қозғайды. Жаңа шығарылым туралы ақпаратты Almaty Creative Youtube арнасынан және @almaty.creative Instagram-парақшасынан көре аласыздар.

Әр апта сайын Q Space шығармашылық студиясы ұйымдастырған тікелей эфирде өтетін сабақтар балалар мен олардың ата-аналарына үйден шықпай-ақ өздерін суретші сезінуге мүмкіндік береді. Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Трансляциядан кейін жазба Almaty Creative арнасында сақталады. Шығармашылық мастер-класстар аясында сіздер уақытты пайдалы өткізіп қана қоймай, сонымен қатар өз ой-өрісіңізді кеңейтуге және жүлде ұтысына қатыса аласыз. Хабарламалар мен толық ақпаратты @almaty.creative парақшасынан біле аласыздар.

Алтыншы сәуірден бастап @almaty.creative Instagram-парақшасының тікелей эфирінде күнделікті онлайн музыка курстары – Диана Шараповамен вокал, гитара, фортепиано және домбырада ойнап уйрену курстары өтуде. Фортепиано және гитарадан курстар 26 сәуірде аяқталды, бірақ сабақтардың бейнежазбалары біздің Almaty Creative Youtube арнасында қолжетімді болады. Домбырада ойнап үйрену курсы 2 мамырға дейін күн сайын 12.30-да болады, эфир 24 сағат сақталады. Диана Шараповамен вокал сабағы 28 сәуірде аяқталады, ал бейнежазбалар біздің Almaty Creative Youtube каналына жүктеледі.

Айта кетейік, 15 сәуір күні алғашқы қазақстандық «К-Медиа» Record» лейблінен «Үйдегі таланттар» атты қалалық музыкалық онлайн байқауы басталды. Егер сіз музыкант болсаңыз, аспапта ойнай алсаңыз, өз шығармашылығыңызды көпшілікке ұсынуға тамаша мүмкіндік бар. Байқау 4 мамырға дейін жалғасады, жеңімпаздар «К-Медиа» Record» продюсерлік орталығынан кәсіби дыбыс жазуға арналған сертификат алады. Байқау нәтижесі 6 мамырда белгілі болады.

Жақын арада актерлік шеберлік, шешендік өнер және сурет салу бойынша онлайн сабақтар қолжетімді болады. Бұл курстың ерекшелігі - жоба нәтижесін мүмкіндіктері шектеулі балаларға қолдану. Сабақтың басты міндеттері - кез келген жастағы балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту; оқушылардың кең ауқымын шығармашылық қызметінің шексіз мүмкіндіктерімен таныстыру; коммуникативтік дағдыларды, шешендік шеберлікті және балалар мен жасөспірімдердің көшбасшылығын дамыту. Анонсты @almaty.creative парақшасынан көре аласыздар.

Сонымен қатар, таяу күндері барлық жастағы тұрғындар үшін «Дефиле және Фотопозинг» онлайн сабағы басталады. Бұл курстарда сіз әдемі және кәсіби қозғалу, арқаңызды тік ұстауды, денеңізді және бет мимикасын меңгеруді үйренесіз. Аңдатпа және толық ақпарат @almaty.creative парақшасында.

Егер сіз әлеуметтік желіні дұрыс пайдалануды, дұрыс және сапалы контент жасауды, видео түсіріп, монтаж жасауды үйренгіңіз келсе, онда «Блогинг» онлайн сабағы - сіз үшін. Сабаққа барлық ниет білдірген әлеуметтік желі пайдаланушылары қатыса алады. Курстың басталуы туралы хабарламалар мен толық ақпарат @almaty.creative парақшасында.

Би билеуді үйренгіңіз келсе, онда біздің онлайн би сабағына тегін қатысыңыз. Курста сіз би бағытымен танысасыз, музыканың ырғағын сезініп, би шоты мен қозғалысты орналастыруды, би бағытының базалық негіздерін үйренесіз.

Балалармен бірге қуыршақ театрына барғыңыз келеді, бірақ мүмкіндігіңіз жоқ па? Мемлекеттік қуыршақ театры сіз үшін арнайы онлайн көрсетілімдер ұйымдастырды.

Әр демалыс күндері театр репертуарынан (Мемлекеттік қуыршақ театрлары) театрдың ресми YouTube арнасында сағат 12:30-да орыс және қазақ тілдерінде спектакльдердің онлайн көрсетілімі өтеді.

Кішкентай көрермендерге арналған «Қайырлы түн, балақай!» айдары аясында қазақ ұлттық және шетел ертегілерін театр әртістері Instagram (@kuyrshak_teatry және Facebook желілерінде онлайн оқиды.

Театрдың ресми Instagram парақшасында (@kuyrshak_teatry) жетекші режиссерлермен, суретшілермен, театр мамандарымен, драматургтермен және әртістермен тікелей эфир және онлайн әңгіме өтеді.

Театрдың жетекші әртістері Instagram (@kuyrshak_teatry) және Facebook (Қуыршақ Қуыршақ) парақшаларында қуыршақ жүргізу бойынша күнделікті сабақтары мен шебер-сыныптарын өткізеді.

Instagram @kuyrshak_teatry парақшасында «Сын талдау» айдары аясында театр сыншылары мен театр жетекшілері театр репертуарындағы спектакльдерді онлайн талдап, тікелей эфир өткізеді.

Театрдың ресми парақшаларында күн сайын «Қойнауы қазынаға толы қуыршақ театры» айдары аясында биыл 85 жыл толатын театр тарихымен және репертуарымен көрермендерді таныстыру өтеді.

Алматы қаласы мұражайларының бірлестігі өз келушілеріне келесі виртуалды экскурсиялар дайындады:

29 сәуір - әйгілі композитор, академик, дирижер Ахмет Қуанұлы Жұбановтың туған күніне орай өтетін «Халық мұрасының жанашыры – Ахмет Жұбанов» атты виртуалды тақырыптық экскурсияда өзі қолданған домбырасы көрсетіліп, сол домбырада Әсел Алинаның орындауындағы композитордың бір шығармасы халық назарына ұсынылмақ.

Сондай-ақ, 29 сәуір күні мультимедиалық дәстүрлі музыка орталығында @Multimedia_center «Домбырада ойнай білесің бе?» атты онлай шеберлік сабақ өтеді. Онлайн шеберлік сабақты орталықтың музыкант-экскурсоводы, халықаралық конкурстардың лауреаты, мультиаспапшы Аслан Гумаров домбыра тартудың түрлі әдіс-тәсілдерін көрсетеді. Сондай-ақ, қазақтың танымал күйлері орындайды. Орталықтың Instagram және Facebook парақшаларынан тамашалай аласыздар.

30 сәуір С. Мұқанов және Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің (@muzey_s.g.m) экскурсоводы Әбдіқұл Н. шопан Дүненбай С. Мұқановқа сыйға тартқан аюдың терісі туралы «Бөстек» атты тақырыптық экскурсиясын ұсынады.

Осы күні Н.Тілендиевтің мемориалды музейінің парақшасында (@tlendiyev_museum) «Күй шежіре» айдарына «Ата толғауы» күйінің тарихына байланысты виртуалды тақырыптық экскурсия өтеді. Күйші «Ата толғауы» күйін арнаған тұлға туралы ақпарат пен оның «Отырар сазы» оркестрінде алар орны, музей қызметкері Еркін Құдайбергеннің орындауында «Ата толғауы» күйі ұсынылады.

Алматы қаласының орталық кітапхана жүйесі онлайн режимінде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.

Апта сайын 8 онлайн-үйірме жұмыс істейді: «Физика және математика» (жұма), «Шахмат академиясы» (сәрсенбі, жұма), «Бисермен тоқу» (сейсенбі), «Қағаз үлгілеу» (дүйсенбі), «Мен өзім! Оқимыз, оқимыз, ойнаймыз» (сәрсенбі), «Ертегі терапиясы» (сейсенбі), «Актерлік шеберлік» (сәрсенбі), домбырадағы ойындар (дүйсенбі, бейсенбі). Олар @zhambyl_kitapkhana, @begalinka.library, @library.almaty Instagram-парақшаларында, сондай-ақ Almaty Creative youtube арнасында қолжетімді.

Аптасына екі рет қазақ және орыс тілдерінде кітап көрмелеріне онлайн шолу жүргізіледі.

Аптасына бірнеше рет @zhambyl_kitapkhana, @begalinka, @library.almaty парақшаларында онлайн-тренингтер мен онлайн-кездесулер өткізіледі.

Егер сіз циркті жақсы көрсеңіз, карантин сізге кедергі болмайды. Үйретілген жануарлардың, цирк әртістерінің дайындығын (акробатика, эквилибристика, жонглерлеу), хореография мен грим бойынша сабақтарын, үйретілген жануарларды тамақтандыру және күтім жасау сәттерін Қазақ мемлекеттік циркінің Instagram, Facebook, Youtube желісіндегі парақшаларынан онлайн көре аласыз.

Карантин кезеңінде хайуанаттар бағының павильондары мен аллеялары бос тұр. Бірақ бұл хайуанаттар бағы жұмыс істемейді деген сөз емес. Өйткені бізде күнделікті қамқорлықты қажет ететін тірі «экспонаттар» бар. Енді хайуанаттар бағына онлайн режимде барып, біздің қызметкерлер жүргізетін экскурсияларды көруге болады. Біз бұған дейін піл, мүйізтұмсық, сурикат, жыландар туралы қызықты бейнеэкскурсиялар көрсеткенбіз. Алдағы уақытта аққолды гиббон, үлкенкөзді скат, үнді кобрасы және басқа да аң-құстар мен балықтар туралы қызықты бейнеэкскурсияларымызды Алматы хайуанаттар бағының Instagram, Facebook, Youtube парақшаларында онлайн түрде ұсынатын боламыз.

Сондай-ақ, «Алатау» дәстүрлі өнер театры қазақ халқының ұлттық өнеріне арналған онлайн дәріс-концерттерді күнделікті Instagram (@alatau.theater) парақшасында тікелей эфирде өткізеді. Республика сарайының әртістерінің ерекше орындаудағы өнерін тамашалағының келсе @dvorec_resbupliki парақшасынан көре аласыздар.


Соңғы жаңалықтар