Алматыда онлайн құрбан шалуға арналған малдың бағасы жарияланды

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда онлайн құрбандық шалуға мүмкіндік беретін qurban2022.kz сайты жұмыс істеп тұр. Сайт арқылы тапсырыс берген адамдарға құрбандық шалынғаны туралы видеоесеп жолданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының бас имамы Оспан Төлебидің айтуынша, шаһарда Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде атап өту жоспарланған.

Қаладағы 53 мешітте 9 шілде таңғы сағат 06:30-да мерекелік айт намазы оқылады.

Сонымен қатар, ол өткен жылдардағы тәжірибеге сай көпшіліктің сұранысымен онлайн құрбан шалу рәсімі іске қосылғанын жеткізді.

«Онлайн тапсырыс беру үшін qurban2022.kz сайты қайта іске қосылды. Сайт арқылы тапсырыс берген адамдарға құрбандығы шалынғаны туралы видео есеп жолданады. Онлайн құрбан шалу «Алтын Орда» базары маңындағы Абай ауылы Алтын сақа базарында іске асады. Қала тұрғындары осы базарға келіп, өздеріне ұнаған малды сатып алып, құрбандық шала алады»,-деді қаланың бас имамы.

Сондай- ақ ол құрбандық етін алуға өтініш білдіретін адамдар qurban2022.kz сайтына өздерінің мұқтаж екенін көрсетіп, өтініш бере алатынын жеткізді.

«Алматыда қой 75 000, ешкі 47 000, ірі қара 392 000 теңге тұрады. Сайтта көрсетілген мал бағасына қасапшының жалақысы кіреді. Басқа да қызмет түрлері (малды бөлек сою, боршалау және мұқтаждарға жеткізу) тегін көрсетіледі»,- деді ол.



Соңғы жаңалықтар