Алматыда Өмірбек Жолдасбековтің 90 жылдығына арналған симпозиум өтіп жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақстандағы механизмдер мен машиналар теориясы ғылыми мектебінің негізін қалаушы, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің туғанына 90 жыл толуына орай «Болашақ механикасы» атты халықаралық Жолдасбеков симпозиумы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Наурыздың 1-5 аралығында өтетін симпозиумды БҒМ ҒК академик Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институты және Қазақстан Республикасының Ұлттық инженерлік академиясы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ және «НАЗ» ЖШС қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Симпозиумның ашылу салтанатында Өмірбек Жолдасбеков туралы баяндама жасалып, көзі көргендер естелік айтты.

«Өмірбек Арсыланұлы - ол нағыз тұлға. Ол мектепті алтын медальмен бітірген. Одан кейін М.В.Ломоносов атындағы университетін қызыл дипломен тәмамдады. Еңбек жолын туған жері Шымкентте бастады. Ол кісіні студенттер өте жақсы көрді. Өте қарапайым болды. 1962 жылы 31 жасында ғылым кандидаты болды.1973 жылы 42 жасында ғылым докторы болды. Ол кезде ғылыми атаққа ие болу өте қиын болатын. Талап күшті еді. Ол бар ғұмырын ҚазҰУ-не арнаған жан»,- дейді Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов.

Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Жұмағұлов академик Өмірбек Жолдасбеков тәрбиелеген шәкірттері бүгінде еліміздің дамуына үлес қосып жүргенін атап өтті.

«Ең алдымен Өмірбек Жолдасбеков мықты шәкірттер тәрбиеледі. Әр саланы дамыту үшін күш салды. Осы кісінің көрегендігінің арқасында ЖОО ғылыми жұмыстармен айналысуға мүмкіндік туды. Яғни, ол ғылыми мектеп қалыптастырды. 25 доктор, 100 кандидат дайындады»,- деді Бақытжан Жұмағұлов.

Айта кетейік, симпозиумда АҚШ, Ресей, Франция, Жапония, Түркия, Иран, Ирак, Польша және тағы басқа 15 елден келген ғалымдардың қатысуымен 120-дан астам ғылыми баяндама жасалмақ.

Бұған дейін университет ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған жоғары оқу орнының басшылығы, ғылыми қоғам өкілдері, Өмірбек Жолдасбековтің отбасы мүшелері, кезінде бірге жұмыс істеген әріптестері, дос-жарандары, шәкірттері және студенттер академикті еске алып, рухына тағызым етіп ескерткішіне гүл шоғын қойды.


Соңғы жаңалықтар