Алматыда оқушының телефонын тартып алған ер адам ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда оқушының ұялы телефонын тартып алған ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Күдікті 35 жастағы Маңғыстау облысының тұрғыны болып шықты.

«Бұл операцияны біз криминалдық басқарманың қатысуымен жүзеге асырдық. Қазір одан сұрақ-жауап алынып жатыр. Кінәсін мойындады. Алған телефонын сатып үлгерген. Қай жерге сатылғаны тексеріліп жатыр. Ер адамды тінту кезінде пышақ табылды. Ол іс материалдарына тіркелді. Жаңа мәліметтерге байланысты прокуратурамен біріге отырып қылмыстық істі бөтеннің мүлкін ұрлаудан гөрі ауырлау санатқа көшіру жоспарланып отыр», - деді Алмалы аудандық ПБ басшысының орынбасары Абзал Тұрғаналы.

Полицияның хабарлауынша, күдікті бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Қазір оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

«Ер адам сол күні Абылай хан көшесі бойындағы дүкендердің бірінен садақа жәшігін ұрлап кеткен. Мешіт имамы жоғалған жәшікті танып, ресми түрде арыз жазды», - деді ол.

Еске сала кетейік, кеше белгісіз ер адамның автобуста оқушы қыздың ұялы телефонын тартып алғаны жөнінде хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар