Алматыда оқушыларға таратылған 1 мыңнан астам планшет жарамсыз болып шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда көпбалалы ата-аналар қашықтан оқуға тегін таратылған планшеттерге қатысты шағым түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігінде құрылған арнайы комиссия сараптаманың бірінші кезеңін қорытындылады.

«Өткен аптада көпбалалы аналардың көп шағым келді. Соған байланысты біз ата-аналардың қолындағы планшеттердің техникалық талапқа сай екендігін анықтау үшін арнайы тәуелсіз сараптама тағайындадық», - деді қоғамдық бақылау үйлестірушісі Саида Тәукелева.

Қалада жалпы құны 1 млрд 319 мың теңге болатын 22 мың планшет таратылған. 1 планшет құны 60 мың теңге шамасында.

«1 119 планшет жарамсыз боп шықты. Бұл бұйымдарды жеткізушіге қайтардық», - деді қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай.

Сарапшылардың пікірінше, техникалық ақаулар механикалық әсерден болуы мүмкін.

«Зауыттан болған ақау болса жеткізуші ауыстырып береді. Бұл техника болғандықтан бұзылуы мүмкін. Планшет ойнауға емес, сабақ оқуға берілетінін ескеру керек», - деді мониторинг тобының өкілі Рафаэль Гасанов.

Оның айтуынша, планшеттерге 3 жыл кепілдік беріледі. Алматы оқушыларының 96 пайызы қашықтан білім алуы үшін қажетті құралмен қамтылған. Егер планшет механикалық әсерден істен шықса, оны ауыстыру заң ойынша қарастырылмақ.


Соңғы жаңалықтар