Алматыда оқушыларға кәсіптік бағдар беру фестивалі өтеді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Оңтүстік астанада 20-21 мамыр күндері «Алматыдағы заманауи білім беру күндері» кәсіби бағдар беру фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл – мамандық таңдау кезінде көптеген сұрақ мазалайтын мектеп пен колледж түлектері үшін ерекше іс-шара. Фестиваль алаңдарында білім беру мекемелерінің өкілдері фестивальге қатысушыларға оқытудың өзекті бағдарламаларын түсіндіреді. Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіп туралы ой бөлісіп, кеңес береді.

Фестивальға қатысушылар үшін көрмелер, түрлі бағыттар бойынша шеберлік сабақтар, тұсаукесерлер, көше қойылымдары мен флешмобтар ұйымдастырылады.

Шеберлік сабақтарда жоғары оқу орындары мен колледждердің өкілдері жастарға түрлі кәсіптердің ерекшелігін түсіндіріп, оқуға түсу үшін қанша балл жинау керектігін айтады. Сонымен қатар келушілерге сұранысқа ие мамандықтар туралы толық ақпарат ұсынылады.

Іс-шараға Ұлттық тестілеу орталығының сарапшылары да қатысады. Олар ҰБТ-ға қалай жақсы дайындалу керектігін айтып бермек.

«Алматыдағы заманауи білім беру күндері» кәсіби бағдар беру фестивалі сағат 10:00 -18:00 аралығында Панфилов және Жібек жолы көшелерінде өтеді.

Еске салайық, Мемлекет басшысы 2019 жылы Қазақстан халқына арналған Жолдауында оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу керектігін айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар