Алматыда оқушыларды оқулықтармен қамтуға 1,5 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биылғы оқу жылында оқушыларды оқулықпен қамтуға 1 млрд. 484 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін өткен тамыз кеңесі барысында қалалық білім беру басқармасының басшысы Рахат Шимашева айтты.

«Алматыда оқулық мәселесін шешу үшін биыл жергілікті бюджеттен 1 млрд. 484 млн. теңге ақша бөлінді. Бұл сома Алматы оқушыларын оқулықпен, оқу-әдістемелік құралдармен қамтуға толық мүмкіндік береді», - деді Р.Шимашева.

Оның айтуынша, биыл қалада оқулық тапшылығы болмайды.

«Өздеріңізге белгілі, оқулық тапшылығына бірнеше фактор әсер етеді. Алматыда жыл сайын ішкі миграция процесі, демографиялық көрсеткіштің жоғарылауы салдарынан балалар саны да артуда. Жыл сайын жаңа оқу жылына 8 мың бала өзге аймақтардан келеді. Сондықтан жетпей қалса, басқа мектептерден алмастырып беруге тырысамыз. Бала саны көбейсе, жоқтың орнын толтыруға тырысамыз», - деді ол.

Басқарма басшысы биылғы жаңа оқу жылына белгіленген жаңа міндеттер жайлы да сөз қозғады. Оның айтуынша, биыл қалалық білім беру жүйесінде балабақшалар тапшылығын жою, білім сапасын көтеру мәселесі басты басымдыққа ие болмақ.

Соңғы жаңалықтар