Алматыда оқушыға қол көтерді деген мұғалім жұмыстан кетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 5-сынып оқушысын ұрды деп айыпталған дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жұмыстан кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұқаралық ақпарат құралдарының бірінде Алматыдағы №85 орта мектеп оқушысы дене шынықтыру сабағынан кейін ауруханаға түскені, баланың анасы мұғалімді ұрды деп айыптағаны туралы ақпарат тарады. Аталған білім мекемесінің директоры Нинель Еркебаева оқиғаға қатысты пікір білдіріп, ұстаз жайлы айтып берді.

«Тараған ақпараттың видеосы бар. Ол жерде ешқандай қол көтеру жоқ. Бірақ оқушының анасы оның қатты таяқ жегенін және миы шайқалғанын айтады. Бала қазір ауруханада. Біздің спорт залда бейнебақылау орнатылған, осы бейнежазба арқылы мұғалімнің оқушыны ұрмағанын дәлелдеп отырмыз», - дейді мектеп директоры.

Директор дүйсенбі күні мұғалімнің өз еркімен жұмыстан кеткенін айтты.

«Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бізде 21 жыл жұмыс істеді, гандбол секциясының жетекшісі болды. Оның жетекшілігімен қыздарымыз гандболдан республикалық жарыстарда бірнеше рет бірінші орынды иеленсе, былтыр үшінші орын алды. Қазір бізде дене шынықтыру пәнінің алты мұғалімі бар», - деді Нинель Еркебаева.

Қалалық білім беру басқармасы тексеру жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

«Білім басқармасында тексеру комиссиясы құрылды. Қазір жағдайды анықтап жатыр. Оның нәтижелері бойынша тиісті шаралары қабылданатын болады. Нәтижелері туралы тексеру аяқталғаннан кейін қосымша хабарлайтын боламыз», - деп жауап берді білім басқармасынан.


Соңғы жаңалықтар