Алматыда оқушы зорланған жекеменшік мектеп жұмысынан бірқатар кемшілік анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрлігі Алматыдағы оқушы зорланған жекеменшік мектептің жұмысына тексеру жүргізіп, бірқатар кемшілікті анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР БҒМ Балалардың құқығын қорғау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеше балалар құқығын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен оның штаттан тыс кеңесшісі Раиса Шер болған жайттың мән-жайын анықтау мақсатында Алматыдағы «Мариям» жекеменшік мектебіне барды.

«Комитет өкілдері оқушының отбасына барды. Қазір балаға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ, Алматы қаласының құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу өтті. Бүгінде қалалық полиция департаменті аталған іске қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар зорлық-зомбылық әрекеттерінің жасалғанын анықтау үшін сараптама тағайындалды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, министрлік өкілдері аталған білім беру мекемесінің әкімшілігі және ұстаздарымен кездесу өткізген.

«Арнайы құрылған комиссияның тексеру жұмысы нәтижесінде мектептің оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде (бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету бойынша тиісті талаптарды сақтамау) кемшіліктер анықталды. Одан бөлек, санитарлық-гигиеналық талаптарға да қатысты (сыныпта жарықтың нашарлығы, желдету жүйесінің болмауы және т.б.) бірқатар бұзушылық бар», - дейді комитеттен.

Ресми ақпаратта айтылғандай, қазіргі уақытта тексеру жұмысы жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша шара қабылданады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда 1-сынып оқушысын зорлағандарға қатысты іс қозғалғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

Кейін Білім және ғылым министрлігі оқушы зорланған жекеменшік мектеп қызметін тексеретіні белгілі болды.


Соңғы жаңалықтар