Алматыда оқушы қызды зорламақ болған ер адам 15 жылға сотталды

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда досының кәмелетке толмаған қызын зорламақ болған ер адам 15 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тергеу барысында анықталғандай, М. Есімді ер адам туыстарымен жанжалдасып, досының үйіне түнеуге келген. Үйдегілер ұйықтап жатқан кезде, қонақ бөлмеде досының 11 жастағы қызын көріп, оны зорламақ болған.

«Қыздың көмекке шақырған даусын әкесі мен ағасы естіп, сұмдықтың алдын алды. Олар полиция шақырып, күдіктіні қылмыс орнында жедел ұстауға мүмкіндік берді. Кейін ол қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына ауыстырылды. Барлық мән-жайды анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама жүргізілді, оның қорытындысы жәбірленушінің, куәгерлердің және күдікті М-ның мойындауымен бірге, ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі, ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлігі (Зорлауға оқталу) бойынша қылмыс жасады деген айып тағылды», - деп хабарлады полициядан.

Алатау аудандық ПБ тергеушісі жинаған дәлелдемелер сотта шешім қабылдау үшін жеткілікті деп танылды.

«Алатау аудандық сотының үкімімен айыпталушыға 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтеу тағайындалды», - деп атап өтті полициядан.


Соңғы жаңалықтар