Алматыда «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасы талқыланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда сарапшылар «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасын талқылады. Жиын барысында қоғамдық ұйым өкілдері, экономистер, әлеуметтанушылар, сарапшылар бағдарлама жобасына қатысты өз ойларын жеткізді.

Transparency Қазақстан кеңесінің төрайымы Наталья Малярчук мұндай жақсы бастама қатардағы декларацияның деңгейінде қалып қоймаса деген күдігін жасырмады.

«Жалпы алғанда, бұл құжат дұрыс бағытта жазылған. Алайда бағдарламаның мақсатты аудиториясы мен қойылған мақсаты анықталмаған. Бағдарлама жазылған хаттардың жинағына ұқсайды. Нақты кімге, қандай тапсырма беріліп, қай уақытта межеге жететіндігі жайлы нақты жазылмаған. Бұрын да айтылып келе жатқан «қоғамдық пікірді» енгізу құжаттың орындалуына кедергі келтіреді», - деді Н.Малярчук.

Сонымен қатар сарапшы бағдарламаның мемлекеттік немесе партиялық деңгейдегі құжат екендігін анықтау қажеттігін айтты.

Ал «Казпотребнадзор» бірлестігінің бақылау кеңесінің төрағасы Талғат Әбдіжаппаров «Нұр Отан» партиясының бағдарламасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жасалған ерекше қадам деп атады.

«Бұл шын мәнінде ұзақ мерзімге бағытталған ерекше жоба. Билік партиясы жол картасын да ұсынбақшы. Яғни, партия елдегі жемқорлық ахуалын жан-жақты зерттеп, оған қарсы күрестің бірнеше тетігін көрсетті. Егер «Нұр Отанның» миллиондаған мүшесі жемқорлықтан бас тартатын болса, сөз жоқ, азаматтық қоғамда да сілкініс болады», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, «Нұр Отан» партиясы шілдеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын ұсынған болатын.

Көзделген мақсатты жүзеге асыру үшін құжатта азаматтық қоғамды, бизнес қауымдастығын жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тарту, мемлекеттік органдардың, корпоративтік сектордың қызметіне бақылауды күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің сапасына мониторинг жүргізу, көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою қарастырылды. Сонымен қатар қоғамда жемқорлыққа төзімсіздік мәдениетін және білім мен тәрбиенің барлық деңгейінде жемқорлыққа қарсы дағды моделін қалыптастыру да қамтылған.

Соңғы жаңалықтар