Алматыда Nur Otan филиалында бизнес өкілдеріне кеңес берілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Nur Otan партиясының Жетісу аудандық филиалында партия мүшелері мен бизнес қауымдастық арасында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша қоғамдық қабылдау өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз жастардың «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша білімін көтеру және дамыту үшін бас қосып отырмыз. Олар аталған бағдарлама аясында қандай мемлекеттік көмекке қол жеткізе алады? Қандай мүмкіндікті пайдаланған жөн? Соны білуі керек. Жастардың ойын білу үшін айына бір рет осылай жиналып тұрамыз. Әр жыл сайын олардың өскені, білімдерінің кеңейгенін көріп, көңіл қуанады. Олар өндіріске орта, жоғары біліммен келеді. Біз - бизнес қауымдастығы олардың білімін техникалық тұрғыдан арттырамыз», - деді «Вагонсервис» АҚ бас инженері Садуақас Оспанов.

Nur Otan партиясы Жетісу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Омаров жақында Нұр-Сұлтан қаласында партияның кезектен тыс съезі өткенін, ол жерде ҚР президенттігіне партия кандидаты ұсынылғанын айтып өтті.

«Негізгі мақсатымыз - Елбасының дара жолын жалғастыру. Сонымен қатар, 2050 жылға дейін бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына кіруді көздеп отырмыз. Бұл - біздің бірлігіміз, тұрақтылығымыз»,-деді ол.

Сонымен қатар ол бүгінгі іс-шараның бір бөлігі кәсіпкерлікті қолдауға арналғанын да жеткізді.

«Аталмыш съезде Елбасының қатысуымен ұлт жоспары қабылданды. Партияның жаңадан тағы төрт бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл - «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Ауыл ел бесігі» және «Құтты мекен» бағдарламалары. Бүгінгі жиынымыз «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында өтіп отыр. Яғни, халыққа қалай көмек береміз деген мәселе төңірегінде жиналып отырмыз. 2007 жылдан бері әр бастауыш партия ұйымында қоғамдық қабылдау жүргізіліп келеді, тіпті әр мекемеде бар. Әр мекеме өз жұмысшыларының шаруасын шешіп, келген өтініш-арызын қабылдап жатыр. Бірақ сол қоғамдық қабылдаудың сапасына көңіл бөлу керек. Өйткені үш айдың ішінде партияға 500-ден астам өтініш-арыз түсті. Дегенмен, Nur Otan партиясының беделді депутаттарының, саяси бюроның және мекеме басшыларының арқасында осы өтініштердің 70 пайызы оң шешімін тапты. Бұл да - үлкен көрсеткіш. Халық аяғын тоздырып, неше жылдан бері шеше алмаған мәселесін осы партия арқылы шешіп жатыр. Осы көмектің сапасын әлі де көтеруіміз керек. Сонымен қатар, осындай өтініштер болмауы үшін жұмыс істеуіміз керек. Егер әрбір мекеме дұрыс қабылдау жүргізіп, мәселені оң шешсе, халық арызданбайды»,- деді ол.

Соңғы жаңалықтар