Алматыда «Никольский» базары жаңартылады

None
Фото из открытых источников
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы Никольский базары жаңартылады, ал бұрынғы депо орнына басты креативті хаб пайда болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін қала басшысы Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Әсет Наурызбаев Никольский базарының болашағы туралы сөз қозғап, ұсынысын айтты.

«Біздің ауданда Алматының көрнекті жеріне айналуы тиіс екі қалалық маңызы бар нысан бар. Өкінішке қарай, екі орын да қаңырап бос қалды. Соның бірі – Никольский базары. Бұл жерлер саяси және қала әкімдігінің деңгейіндегі мәселе екені белгілі. Аудан әкіміне Никольский базарын қалдырғаны үшін рақмет. Оның жеке иесі кім, соны анықтау қажет. Менің ұсынысым бар: бұл нысанды иесіз деп тану керек. Өйткені ол көптеген жылдар бойы қаңырап бос тұр немесе меншік иесімен сөйлесіп, келіссөздер жүргізу қажет. Әлемде кәсіпкерлер азық-түлікті тұрғындар үшін қалыпты бағамен сататын және сауда, тамақтану орындарынан ақша табатын базарлар көп», - деді ол.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев оның ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

«Расында да қалада көрнекті орындар аз. Біз Кеңес заманынан қалған тарихи орындармен мақтанып келеміз, оларды қалпына келтіруге, жаңартуға тырысамыз. Никольский базары бойынша – мен үшін саяси мәселе жоқ. Бүгінде оған иелік ететін адамдар бар. Сот істері жүріп жатыр, олардың қорытындысы бойынша сол активпен не істеу керектігі, «Барыс» базарымен сияқты шешім қабылданатын болады. Бірнеше идеямыз бар. Базардың тарихи өткені бар, бірақ соңғы 15-20 жыл ішінде оның имиджі өзгерді. Менің ойымша, оны қалпына келтірудің қажеті жоқ, бірақ ыңғайлы әрі заманауи сауда орындарын жасау керек. Мен меншік иелеріне ұсыныс жасадым»,- деді Ерболат Досаев.

Әсет Наурызбаев бұрынғы трамвай депосының жайын да сұрады.

«Енді депо туралы – бізде Алматының креативті кеңістігі аясында жұмыс аяқталуда. Мен жасалатын нәрселерді көрдім, байқауымша жақсы болады. Бұл іске біздің мамандарды ғана емес, шетелдік компаниялар да тартылды. Жақында біз бұл жобаны жариялаймыз. Қала жеке инвесторлармен болған келіссөзден кейін депоны өзіне алады және жақын арада бұл Алматының басты креативті хабына айналады», – деді қала басшысы.


Соңғы жаңалықтар