Алматыда Наурызбай ауданының әкімі ауысты

None
None
АЛМАТЫ. Қазақпарат - ҚР Президенті Әкімшілігінің және Алматы қаласы мәслихатының келісімімен Наурызбай ауданының жаңа әкімі болып Санжар Тоғай тағайындалды,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұрын ауданды басқарған Сайран Сайфеденов қаланың Жұмыспен қамту және  әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары болып  бекітілді.

Соңғы бір жарым жылда Санжар Тоғай  Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Әр жылдары Астана қаласының, Алматы және Павлодар облыстарының әділет органдарында, Парламент Мәжілісінің және ҚР Президенті Әкімшілігінің аппараттарында қызмет атқарды.

Наурызбай ауданы жаңа әкімінің алдына бірқатар міндеттер қойылды. Соның ішінде кәсіпкерліктің, мәдениет пен спорттық жаңа нысандарын, тұрғын үй, медицина және  оқу орындарын салу қажеттігі айтылды. Сумен қамтамасыз ету жүйесі құрылысын одан әрі жалғастыру, Абай даңғылын үңгілеу жобасын уақтылы және сапалы жүзеге асыру тапсырылды. «Бизнестің Жол картасы-2020» жобасы аясында кәсіпкерлікті қолдау ісін барынша күшейту міндеттелді.

Соңғы үш жылда Наурызбай ауданында бюджетке  құйылатын салық түсімі 11 есе артты, жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпорындар саны 6 есе өсті, негізгі капитал инвестициясы 4 есе ұлғайды.

Өткен жылы ауданның жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы ашылған болатын. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында  бірнеше мектеп пен емхана салынды. Қазіргі кезде 1200 орындық тағы бір мектептің, 320 орындық балабақшаның, медициналық жедел жәрдем станциясы мен өрт  сөндіру  депосының құрылысы  жүруде.

Қарғалы өзенінің жағалауында аудан тұрғындары үшін жаңа демалыс орны пайда  болды. Төрт саябақ ашылды, 43 аула жөнделіп, абаттандырылды, ауданның 190 км жолына асфальт төселді.

Осының барлығы ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырды.

Соңғы жаңалықтар