Алматыда Наурыз мейрамында МузАРТ әннен шашу шашады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Наурыз мейрамының көрігін МузАрт тобы қыздыратын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

МузАРТ 23 наурызда, кешкі сағат 19:00-де «Астана» алаңында үлкен бағдарламасымен өнер көрсетеді.

Ал 22 наурызда қала тұрғындарын мерекелік бағдарлама күтеді, онда Мақпал Жүнісова, Мәдина Сәдуақасова, Мөлдір Әуелбекова сынды әртістер, «Рензо», «Меломен», «Аянат», «Назар» сынды топтар өнер көрсетеді.

Сондай-ақ, алматылықтарды Түркиядан, Әзірбайжан мен Қырғызстаннан келетін шетелдік музыкалық-би топтары құттықтайды. Шетелдік қонақтар мерекелік көңіл-күймен бөлісумен қатар, көктемнің келуімен ұштасатын шынайы түркі мерекесін мерекелеудің өз елдеріне тән дәстүрлерімен таныстырады.

Жаңа жыл ұлттық дәстүрдегі халық серуендерінен басталады. Онда әлемнің 6 елінен келген 170 қолөнер шебері де болады. Түркиядан келген қолөнершілер әдемі ыдыс-аяқ пен шыны әшекей жасауды үйретсе, якут зергерлері асыл тастар туралы баяндайды. Ал қырғыз шеберлері ерлерге ат әбзелдерін жасауды үйретеді. Бұған қоса, шеберлер қышқа және жібек матаға өзбек нақышындағы ою-өрнек салуды, әйгілі түрікмен кілемін тоқуды үйретеді. Көрмеге келушілер жаңа ғана ұстаның қолынан шыққан музыкалық аспаптарда ойнай алады. Алматы, Петропавл, Ақтау мен Түркістаннан келген шеберлер темірден, қыштан, киіз бен ағаштан жасалған өз бұйымдарын таныстырады. Көрмеге жібектен, жүн мен барқыттан тігілген киімдер қойылады.

Мерекені ұйымдастырушылар жастарды да назардан тыс қалдырмады. «Жастар жылы» аясында перфоманстар, ұлттық нақыштағы заманауи өнер көрмелері қойылып, сүйікті әртістер өнер көрсетеді. Айта кетері, төрт күнге созылатын мереке күндері қала тұрғындары мен қонақтары түрлі концерттер, жәрмеңкелер мен фестивальдерді тамашалай алады.

Фестивальдер Астана алаңында, Панфилов пен Жібек жолы көшелерінде, «Атакент» көрме кешенінде, «Алматы Арена» мен «Халық Арена» спорт кешендері маңында, сондай-ақ «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде өтеді:

22-23 наурыз - Астана алаңы;

21-24 наурыз - Панфилов, Жібек жолы көшелері;

22 наурыз - «Нalyk Arena» Мұз айдыны кешені;

22 наурыз - «Алматы Арена» Мұз сарайы;

22 наурыз - «Атакент» ҚІЫО;

23 наурыз -«Сұңқар» Халықаралық шаңғы трамплиндері кешені.

Сонымен қатар, бұл күндері қалада 60 тонна көже мен бауырсақ таратылады.

Соңғы жаңалықтар