Алматыда Наурыз: Қазақстан халықтарының бірлігі ұлықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Ұлыстың ұлы күні - әз-Наурыз мейрамын атап өтті. Киелі қара шаңырақта өткен Ұлыс тойында ең басты ерекшелік ұлтаралық татулық биік деңгейде көрініс тауып, «Бірлік біздің қасиетті туымыз» деген ұранмен ел ынтымағы ұлықталды.

Оқу орнының студенттері мен ұжымы Қазақстанды мекендеген әртүрлі ұлыс өкілдерінің салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық құндылықтарын сахналанған көрініспен көрсетті.

Көрме ұйымдастырып, түрлі ұлттың тағамдарын қойып, оның мән-маңызын ашып берді. Әр факультет те өздеріне тиесілі ұлттың өзгешеліктерін көрсетіп, «Ақ шатыр» жазғы алаңында өнер додасына түсті.

Қазақстанды ортақ отаны санаған орыс, башқұрт, қырғыз, татар, ұйғыр, беларусь, әзірбайжан, украин, неміс, тәжік, дүнген, грузин, үндіс, араб, кәріс, өзбек, грек сынды көптеген ұлттың әдет-ғұрпын таныстырып, өнерлерін көрсету жалпыуниверситеттік көлемде биыл бірінші рет өткізіліп отырғанын айта кету керек. Бұған Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Бір халық бір ел бір тағдыр» деген бастамасы мұрындық болып отыр.

«Қыздар университетін көпұлтты Қазақстанның «кішкентай нұсқасы» деп атауға әбден болады. Өйткені, қазіргі уақытта оқу орнында 500-ге жуық өзге ұлт өкілі білім алып жатыр. Сондықтан да биылғы Ұлыстың Ұлы тойын «Бірлік біздің қасиетті туымыз» деп алғанды жөн көрдік. Қой жылын шығарып салып, мерейлі Мешін жылына қадам бастық. Қой жылында Қазақ хандығының 550 жылдығын дүйім жұртқа сауын айтып, дүркірете тойладық, ҚР Конституциясы мен Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын биік деңгейінде атап өттік. Қой жылы Қыздар университетіне де қамбалы, қадірлі жыл болды десек қателеспейміз. Мәселен, былтырғы жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті республикадағы ең үздік педагогикалық оқу ордасы атанды. Еліміздегі жоғары оқу орындары арасындағы ең үздік «топ-20» университет ішінде 7 орынды иемденді. Сонымен қатар, тағы да «Сала көшбасшысы» болып танылды. «Мұның барлығы Қыздар университеті үшін Қой жылының берекесі мен мерекесі, жетістігі мен жемісі көп болғанын айғақтайды», - дейді университет ректоры Динар Нөкетаева.

Ұлыс күнін тойлау одан әрі «Ұлыс тойдың аты, Наурыз айдың аты» атты мерекелік концертпен жалғасын тапты. Талшыбықтай бұралған бұрымды қыздар төгілтіп тұрып киген қазақ көйлектерінен заманауи сән үлгісін көрсетіп, «Наурызнама» сахналық композициясымен көрерменді тәнті етті.

Университет аумағында «тоғызқұмалақ», «асық ату», «қалпақ ату», «шахмат» тәрізді түрлі ойындар ойнатылып, игі шара аясында еліміздің бірлігін айғақтайын көркемсурет және қолөнер бұйымдарынан көрме өтті.

Ұлыстың ұлы күніндегі ұлттық тағам Наурыз көже таратылып, дастархан жайылды.

Соңғы жаңалықтар