Алматыда науқастың ішінен екі келіден асатын түзілім алынды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында іш қуысындағы аурушаңдық пен ауырлық сезіміне шағымданған 52 жастағы науқасқа ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Науқастың айтуынша, бір жылдай бұрын ішінің үлкейе бастағанын байқаған. Бірақ, бойынан ешқандай ыңғайсыздық пен ауырсыну сезбеген және медициналық тексеруден өтпеген. Кейін іш қуысында ауысрынулар пайда болған соң, дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Аурухананың мәліметінше, компьютерлік томография нәтижесінде науқастың ішінде үлкен түзілімнің бар екені анықталды. Қажетті талдаулар жасалған соң, консилиумде науқасқа хирургиялық ота жасау туралы шешім қабылданды. Ота барысында салмағы екі келіден асатын түзілімді алып тастау үшін аурухана хирургтарына екі жарым сағаттан астам уақыт кетті.

«Іш қуысынан тыс кеңістікте орналасқан түзілім іш қуысындағы бүкіл орган, ішектің бәрін оң жаққа ығыстырып, іштің тең жартысын алып жатты. Операцияның күрделілігі түзілімнің іш қуысынан тыс кеңістікте орналасып, шап аймағына өтіп кеткенінде болды. Мұндай жағдайда түзілімді тұтас алып шығару маңызды екенін айту керек. Сондықтан біз шап аймағынан қосымша тілік жасап, сан артериясының жанынан санның жоғарғы үштен бір бөлігіне дейін өттік. Оның үстіне түзілім шекаралары аортаға жақын жатып, сол жақ бүйректің шекарасы және несепағардың бойымен кеткен. Бұл өте қауіпті болды. Түзілімді органдардан өте мұқият бөліп алу қажет болды», - деді ҚЖШККА ота жасау бөлімінің меңгерушісі Нұркен Желдібаев.

«Ота жасау кезінде іш қуысынан алынған түзілім 25-30 см-ге дейін өсіп, салмағы 2,240 кг болғаны анықталды. Операция екі жарым сағатқа созылып, ота жасау бөлімінің меңгерушісі Н.Желдібаев, хирургтар Б. Касенов пен М. Ахметов, оталық медбике Л. Гейдарова және анестезиолог Б.Бижанованың арқасында операция сәтті өтті. Отадан кейін 7 күн өткен соң науқас үйіне жіберілді», - деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.

Осы орайда дәрігерлер ағзадағы орын алған кез келген өзгерістерді дер кезінде тексертіп, дәрігерге көрінудің маңызды екенін ескертті.


Соңғы жаңалықтар