Алматыда нарықтың тұрақтануына дейін азық-түлік қоры жеткілікті - А.Сейсебаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда маусым аралығында нарықтың тұрақтануына дейін азық-түліктің жеткілікті қоры әзірленді. Бұл туралы қалалық азық-түлік қоймаларында өткен баспасөз туры барысында «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Аспандияр Сейсебаев айтты.

«Биыл комиссия тұрақтандыру қорының көлемін 5 мың тоннаға жеткізу туралы шешім шығарды. Күз кезінде біз жеміс-көкөністің жеткілікті қорын сатып алған болатынбыз. Тікелей фермерлермен жұмыс жасаған соң сатып алу бағасы арзан. Отандық фермерлердің өнімі өте сапалы екеніне кепілдік бере аламын», - деді А.Сейсебаев.

Корпорация өкілінің айтуынша, қазір қалада 22 сауда павильоны, 7 автолавка жұмыс жасап келеді. Және 6 павильонның құрылысы жоспарланып отыр.

Қазір дүкен желілерінде әлеуметтік тұрғыдан маңызды тауарлар ұн, қант, жарма базар бағасынан 10-20 пайызға төмен сатылып жатыр.

«Қаладағы бағалардың қозғалысы біздің бақылауымызда. Қажет кезде тауар тапшылығын жойып, кез-келген өнімді базарға шығара аламыз. Ауыл шаруашылығы субьектілерімен өзара келісім бар», - деді А.Сейсебаев.

Оның айтуынша, қазір қоймаларда 120 тонна орамжапырақ, 1500 тонна картоп, 100 тонна сәбіз, жарма, макарон, ұн, т.б. 18 түрлі 5 мың тонна азық-түлік сақталып тұр.

«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы аталған шараларды қалалық «Маусымаралық кезде азық-түлік бағасын тұрақтандыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырып отыр.

Соңғы жаңалықтар