Алматыда нан бағасын тұрақтандыруға 150 млн теңге бөлінеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әлеуметтік нан бағасын ұстап тұру үшін өндірушілерге субсидия бөлінеді. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің сөзінше, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ қорынан қаладағы ұн тартатын кәсіпорындарға субсидияланған астықты жеткізу жалғасып жатыр.

«Әлеуметтік нанның сату бағасын бекіту үшін «Алматынан» ЖШС-ға 150 млн теңге бөлу жоспарда. Сонымен қатар жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тұрақтандыру мақсатында «Тоймарт» және «Магнум» сауда желілерімен келісімдер ұзартылды. Small желісіне, сондай-ақ «Когер» ЖШС-ға жұмыртқаны арзандатылған бағамен сатуға қосымша қаражат бағытталды», - деді Еркебұлан Оразалин.

Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова елімізде әлеуметтік нан бағасын 90 теңгеден асырмау міндеттелетінін айтқан болатын.

Сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров елде астық тапшылығы жоқ және оның мөлшері жеткілікті екенін мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар