Алматыда нан – 75 теңге, картоптың келісі – 98 теңгеден сатылып жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі Алматы әкімдігінің ерекше бақылауында. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тазабек ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

- Дамир Ақанғалиұлы, Алматыда азық-түлік бағасын көтермес үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?

- Алматы қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қала әкімдігі бірқатар кешенді және жедел шаралар қабылдауда.

Мәселен, жеңілдетілген қарыз беру арқылы қаланы азық-түліктің 19 түрімен тұрақты бағамен қамтамасыз ету жалғасып жатыр.

Оған «Магнум» және «Тоймарт» сауда желілері, сондай-ақ, ірі нан («Ақсай «ХБК» ЖШС), сиыр еті («Асыл Meat» ЖШС), жұмыртқа («Алсад» ЖШС) және қант («АқсуҚант»ЖШС) өндірушілері тартылды.

Қаланың 7 негізгі азық-түлік базарында (Жасыл базар, Жаңа Ақбұлақ (көтерме сауда), Сары-Арқа, Тастақ, Таусамалы, Алматы-1, Түрксіб) «Әлеуметтік дүкендер» жұмыс істейді.

Онда 10 түрлі тауар (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, қарақұмық, күнбағыс майы, күріш, рожки, ұн) сатылады. Тіркелген баға орташа нарықтық бағадан 5-40% төмен.

Алматы қаласы мен Алматы облысының өңіраралық кооперациясы шеңберінде меморандумға қол қойылып, сүт, сүзбе жеткізу бойынша шарт жасалды («JLC Сүт» ЖШС).

Қаланың сауда желілеріне тауық етін («Алатау Құс» ЖШС), пиязды («Naz-Dana» ШҚ, «Агрофирма» ТЖН и К» ЖШС), сиыр етін және сүт өнімдерін («Динара Ranch1 ЖШС), күрішті («Агрофирма Бірлік» ЖШС, «Тамшы-бұлақ» ЖШС, «Динара Ranch» ЖШС) жеткізу қосымша пысықталып отыр.

- Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық түліктің шамамен қазіргі төменгі бағасы қалай?

- Төменгі баға өнімнің түріне байланысты. Мысалы, әлеуметтік нанның төменгі бағасы – 75 теңге бөлке үшін, картоп – 98 теңге/кг, сүт (2,5%) - 230 теңге/л.

- Қала базарларында, сауда үйлерінде, супермаркеттерде азық-түлік бағасына мониторинг жүргізіле ме?

- Алматы нарығындағы бағаның өсуіне жедел әрекет ету үшін сауда желілерінде, базарларда, «үй жанындағы» дүкендерінде апта сайын бағаларға мониторинг жүргізіледі. Монитроинг барысында сатушылармен 15% сауда үстемесін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру сұхбаттары жүргізіледі.

- Сатушылармен азық-түлік бағасын көтермеу бойынша іс-шаралар жүргізіле ме?

- Бағаны мемлекеттік реттеу шаралары шеңберінде жыл басынан бастап 3 шекті баға белгіленді. Мәселен, қалада қарақұмық жармасына (361 тг/кг, 30 наурызға дейін), жұмыртқаға (487 тг/ондаған, 30 маусымға дейін) және қырыққабатқа (83 тг/кг, 15 қыркүйекке дейін) шекті баға белгіленген, шекті бағалардың қолданылу кезеңінде Алматы қаласының аумағында асып кетулер тіркелген жоқ.

- Сұхбатыңызға рахмет.


Соңғы жаңалықтар