Алматыда мысыр дәрі-дәрмегі шығарылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Алматыда қазақстандық-мысырлық фармацевтикалық парк құрылады. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігіндегі брифингте Қазақстаның Мысырдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Арман Исағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта екі ел арасында бірқатар инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың ең бастысы - Алматыда қазақстандық-мысырлық фармацевтикалық парк құру болмақ. Қазіргі уақытта Инвестициялар және даму министрлігімен, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен бірге бұл жобаны талқылап жатырмыз», - деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанның нарығында мысырлық дәрі-дәрмектер өте көп сатылады. Олардың сапасы жоғары және бағасы арзан болғандықтан сұранысқа ие.

«Қазіргі уақытта қазақстандық нарықта 40-тан астам мысырлық дәрі-дәрмек тіркелген. Меніңше, осында фармацевтикалық парк құру арқылы біз аталған өнімдерді өңірдің және ЕАЭО-ның нарықтарына шығаратын боламыз»,- деді Арман Исағалиев.

Елшінің дерегінше, жоба құны 25 миллион долларды құрайды.

«Қазіргі уақытта мысырлық MUP фармацевтика компаниясы серіктес іздеу жұмысын жүргізіп жатыр. Олар аталған соманың басым бөлігін құюға дайын. Жобаны 2016 жылы жүзеге асыруға дайын болған еді. Алайда, мысыр валютасы екі есе құнсызданып кетті. Дәл осы себепке байланысты олар қаржыландырушы серіктес іздеуге мәжбүр болып отыр»,-  деді дипломат.

Соңғы жаңалықтар