Алматыда «Музей түні» акциясы өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Халықаралық музейлер күніне орай Алматыда «Музей түні» онлайн акциясы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық музейлер күніне орай 18 мамырда Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалды музей кешені, Д. А. Қонаев музейі, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы, Н. Тілендиевтің мемориалды музейлерінде «Музей түні» онлайн акциясын өткізеді.

Ең алғашқы «Музей түні» 1997 жылы Берлинде өтті. Бұл идея көрші мемлекеттердің де қызығушылығын оятып, келесі жылдары көптеген еуропа мемлекеттері музейлері ашық музей түндерін ұйымдастырды. Қазіргі таңда аталған мәдени шара әлемнің 150-ден астам елде өткізіледі.

Биылғы карантин жағдайына сәйкес, музейлер акцияны онлайн форматта өтеді.

«Музей түні» акциясы – Алматының мәдени өміріндегі маңызды шаралардың біріне айналды. Осыған байланысты «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМКҚ музейлері тақырыптық көрмелер, шеберлік сабақтары, квест, байқаулар, концерттік бағдарламалар, театрланған қойылымдар кіретін арнайы мәдени-танымдық бағдарламаларын дайындады.

Алматы музейі бағдарламасында:

18.00-19.00 - @almatymuseums инстаграм парақшасында Алматы қаласының тарихы туралы викториналық сұрақ-жауап ойыны

19.00-20.00 - Музей залдары бойынша 3 тілде шолу экскурсиялары (тікелей эфир)

20.00-21.00 - М. Мақатаевтың 90 жылдығы аясында облыстық М. Мақатаевтың әдеби-мемориалды мұражайымен бірлескен жылжымалы көрме (тікелей эфир)

21.00-21.30 - О. Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжі студенттерінің, шеберлерінің қатысуымен қыш құмыра жасаудан онлайн мастер-класы

21.30-22.00 - М. Мақатаевтың 90 жылдығына арналған ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан және 3 жасар бүлдіршін Ырысалды Саяның Мұқағали өлеңдерін оқуы

Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі:

19.00 – 19.15 - Қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптары – домбыра, қобыз және жетіген аспаптарын жасау технологиясы көрсетіледі.

19.15 – 20.30 - Концерт барысында дәстүрлі музыкалық өнер өкілдері мен Ж. Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің студенттері өнер көрсетеді.

20.30 – 21.30 - Музейдің әлеуметтік желілерінде музыкалық аспаптарға қатысты жұмбақтар, ребустар, «4 сурет 1 сөз» және т.б. ойындар ойнату.

21.00 – 22.00 - Алдын-ала ұйымдастырылған конкурс қатысушылары арасынан музей экспонатымен түскен үздік селфи иелерін анықтау.

Д.А. Қонаев музейі:

18.00-19.00 - Музей бойынша онлайн-экскурсия

19.00-20.00 - Музейдің әлеуметтік желілерінде Д.А. Қонаевтың өмірі жайлы деректі фильмнің көрсетілімі

20.00-22.00 - Д.А. Қонаевтың қызметтестерімен тікелей эфир

С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешені:

18.00 – 19.00 - қырық жылдан аса халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан қазақ әдебиетінің қос алыбы – С.Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің музей-үйі, тұтынған заттары, жеке кітапханасы жайлы әсерлі әңгіме айтылады, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті туралы мағлұмат беріледі.

19.00 – 20.00- Онлайн экскурсия (Инстаграм парақшасында). Алматы облысы Қапал ауданындағы ақын Сара Тастамбекқызының (1853–1907) мемориалды музейінің тыңдармандарына С.Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей-үйлерінен онлайн экскурсия жүргізіледі.

20.00-21.00 - «Бөстек» тақырыбында онлайн-экскурсия. Онда С.Мұқановқа сыйға берілген аюдың терісі (1960) туралы баяндалады.

Н. Тілендиевтің мемориалды музейі:

18.00 – 19.00 – музейде қонақта әнші Бағлан Әбдірайымов пен актриса Мақпал Қасымова.

19.00 – 20.00 - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова музейде қонақта;

20.00-21.00 - музейде қонақта әнші Ғазизхан Шекербеков пен Мақсат Рахмет.

21.00-22.00 – музейде қонақта Азамат Сатыбалды, Әсет Иманғалиев пен актриса Гүлбахрам Байбосынова.

Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы:

19.00 – 19.30 - «Ғасырлар үні» атты дәстүрлі әншілердің гала-концерті «Алатау» этно-фольклорлық тобы, «Алатау серілері» және т.б.

19.30 – 20.00 - «Бала Жамбыл», «Бала Мұқағали» атты театрландырылған интерактивті экскурсия. №196 мектептің оқушылары Бекназар Ынтымақ пен Бекназар Райымбектің Жамбыл Жабаев пен Мұқағали Мақатаевтың балалық шағын бейнелеп, олардың танымал өлеңдерін мәнерлеп оқиды.

20.00 – 20.30 - Халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, «Мен қазақпын» мега жобасының бас жүлдегері Рауан Абілбаев (тікелей эфир)

21.00 – 21.30 - Ж. Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжі мен Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттерінің арасында өтеді.

21.30 – 22.00 - «Қайта жаңғырған көне саз» және «Қобыз-көненің көзі» атты шебер-сыныбы ұйымдастырылады.


Соңғы жаңалықтар