Алматыда музей экспонаттарының шоколадтан жасалған көшірмесі пайда болады (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Орталық мемлекеттік музейде Nikolya шоколад музейінің көрмесі өтеді. Қалалықтардың назарына 250-ден астам тәтті экспонат ұсынылады.

Ерекше көрменің авторы Николай Попов Қазақстанға арналған қолөнер бұйымдарын әкелген.

Әсіресе, көрмеде мемлекеттік музейде тұрған кейбір тарихи экспонаттардың шоколадтан жасалған көшірмесі пайда болады. Атап айтқанда, ұлттық әшекей бұйымдары, киім, бас киім түрлері болуы мүмкін.

Бірінші келіп билет сатып алған 1000 адамға тәтті экспонат сыйға тартылады.

«Шоколад тек жейтін нәрсе ғана емес, ол адамның көз жауын алатын өнер туындысы. Осы оймен Симферопольда шоколад тарихына арналған музей аштық. Ал, әлемдік турне өткізу идеясы маған қатты ұнады. Өйткені, оның өз қызықтары мен қиыншылықтары бар. Шоколад жолда езіледі, сынады. Одан түрлі зат жасауға болады. Ол металл, ағаш, немесе басқа материалдарға айнала алады», - деді Николай Попов.

Шоколадтан бұйым жасаушы шеберлер Оңтүстік Астанаға Симферопольдан келіпті. Авторлық көрме бұған дейін 40 елде көрсетілген екен.

Көрме 22 қыркүйекте ашылады.

Мәдени шарада Алматы тұрғындары бұйымдарды тамашалаудан бөлек шеберлік сыныптарына қатыса алады.

Соңғы жаңалықтар