Алматыда мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау үшін жыл сайын 3 млрд. теңге бөлінеді - Бауыржан Байбек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мүмкіндігі шектеулі жандар күні қарсаңында мүгедектер мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен кездесті.

Қала басшысы Алматыда ерекше күтімді қажет ететін жандарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен 3 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінетіндігін айтты.

Оның айтуынша, əлеуметтік қызметкерлер әрбір 43 мың мүгедектің сұранысын анықтап, жеке дара көмек көрсетіп келеді. Мүмкіндігі шектеулі мыңнан астам балаға арнайы әлеуметтік қызмет үйде көрсетіледі, 5 мыңнан астам мүгедек медициналық-әлеуметтік мекемелерде және күндізгі орталықтарда емделеді.

Әкім қаланың барлық көлік түрлерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдайдың жасалғандығын атап өтті. Автобустардың тең жартысына қозғалысы шектеулі адамдарға арналған қондырғылар орнатылған. Оның үстіне бұл көліктер экологиялық жағынан таза.

«Қаладағы инфрақұрылымдар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қол жетімді болуы тиіс, əсіресе ғимараттар, жолдардың құрылысы кезінде, қоғамдық көліктерде баса ескеру керек», - деді Бауыржан Байбек.

Әкім мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек пен қолдау көрсету жөніндегі жобаларды жүзеге асыруға мемлекеттің, қоғамдық ұйымдар мен жеке сектордың бірігіп қатысуы маңызды екеніндігін жеткізді.

«Бүгінгі күні Алматыда шамамен 23 мың мүгедек жұмыс істеуге қабілетті деп саналады. Олардың ішінде 6000 адам еңбекпен қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» және « Қаланың даму бағдарламасы» жобалары, бос жұмыс орындарының арнайы жәрмеңкелерін өткізу арқылы жүзеге асуда», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Кездесу барысында қала әкімі «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Алматы филиалының төрайымы Нина Жуковскаяға, Түрксіб ауданы «Мүгедектердің ерікті қоғамы» басқармасының төрағасы Кенжебай Құдайбергеновке және «Мен сені сүйемін, өмір» қоғамдық қорының құрылтайшысы Меруерт Сүлейменоваға Құрмет грамоталарын тапсырды.

Соңғы жаңалықтар