Алматыда мопед, электросамокатта жүру тәртібіне қатысты шаралар қабылданады - полиция

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда мопед, электросамокат, монодөңгелек секілді көлік құралдарынан болатын жол апаттары артып отыр. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы қаласында жеке мобильділік құралдары, яғни, мопед, электросамокат, монодөңгелек секілді көлік құралдарынан болатын жол апаттары артып келеді. Себебі, олардың қозғалысын бақылап отырған ешкім жоқ, бұл құралдарды басқарушыларға ешқандай шектеулер жоқ, яғни, олармен қайда жүргісі келсе жүре береді. Осыған орай, алдағы уақытта Алматыда көліктің осы түрлерінің жүру тәртібі, олардың жүргізушілерін әкімшілікке жауапқа тарту туралы шаралар қабылданатын болады», - деді Нұрлан Аманбек.

Оның айтуынша, қалада адам өліміне әкелетін жол апаттары түнгі уақытта көп болады.

«Бұл уақытта көлік кептелістері жоқ, кейбір жүргізушілер мас күйінде көлік жүргізеді және түнгі уақытта адамның көру қабілеті нашарлайды. Яғни, жүргізуші түнде көлігімен маневр жасаған кезде, жанындағы көлікті байқамай, жол апатын жасайды. Ал түнгі уақытта болатын жол апаттарының негізгі себеп-салдары - көлікті аса жоғары жылдамдықпен жүргізу, қарама қарсы бағытқа шығып кету. Күндізгі уақытта да жол апаттары болады. Бірақ, ол кезде адамдардың зардап шегуі аз», - деді полицей.

Сондай-ақ ол Алматыда бүгінгі күні ресми түрде 550 мыңнан астам авкөлік тіркелгенін, одан бөлек 300 мыңға жуық автокөлік бейнекамералармен бақыланатынын, яғни, қалада күнделікті 900 мыңдай автокөліктің қозғалысы болатынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар