Алматыда МКД мамандары баспананы сатқанда төленетін 10 пайыз салық туралы түсініктеме берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы Мемлекеттік кіріс департаменті баспананы сатқанда төленетін 10 пайыз салық туралы түсініктеме берді. Қалалық МКД түсіндіру жұмыстары бөлімінің жетекшісі Еділ Әзімшайық аталған заң талабының кереғар тұстарын айтып берді. Қазіргі мемлекеттік кіріс туралы Кодекске сәйкес жылжымайтын мүлік табыс көзі болып табылады.

Баспана меншікте болғанына 1 жыл толмаған жағдайда үйін сатушылар 10 пайыз салық төлеуі тиіс. Бұл норма алыпсатарлықты азайтуға бағытталған.

Мұндай жағдайда үнемі қызмет бабымен көшіп жүретін жеке тұлғаларға үлкен қиындық туары сөзсіз. Ал кей адамдар осындай алыпсатарлықтың арқасында аз ақша тауып жүрген жоқ.

Осыған байланысты қалалық мемлекетік кіріс департаментінің сарапшылары мәселені шешудің 2 жолын ұсынған.
Біріншіден, ресми инфляцияның деңгейін білу шарт. Сондай-ақ, пәтер құнының артуына негіз болған жөндеу жұмыстары да ескерілуі керек.

«Мәселен, жеке тұлға үй сатып алады немесе баспана салады. Оны жөндеу үлкен қаржыны талап етеді. Сондықтан, пәтердің құны артады. Алғаш сатып алу бағасы мен сату бағасының арасы алшақтай түседі. Салықты есептеу кезінде осы мәселелер қаперге алынғаны дұрыс», - деді ол.

Екінші нұсқа бойынша жылжымайтын мүлікті 5 жылда бір рет сататын қожайындарды салықтан босату ұсынылған.
Айта кету керек, бұл ұсыныстар Астанаға Мемлекеттік кіріс комитетіне жіберілді. Жұмыс комиссиясы ең алдымен бірінші нұсқаны қолдады.

Еділ Әзімшайықтың айтуынша, бірінші ұсыныс салықтық ахуалды жақсартуды қамтамасыз етсе, екіншісі түрлі тұлғаларды теңестіруге бағытталған.

Маманның ойынша, бюджет түсімі азайса да әділеттірек болады.

Соңғы жаңалықтар