Алматыда митинг өткізетін орындар белгіленді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының мәслихаты қалада бейбіт жиындарды ұйымдастырып, өткізетін орындарды бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасында бейбiт жиындар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» жаңа заң 6 маусымда күшіне енді.

Осыған байланысты сессия шешіммен митинг өткізу үшін арнайы 3 орын және шеру мен демонстрация үшін бірнеше бағыт белгіленді.

Митинг өткізетін орындар:

Махатма Ганди атындағы саябақ;

«Сарыарқа» кинотеатрының артындағы гүлзар;

«Шоқан Уәлиханов» атындағы гүлзар;

Шеру мен демонстрация өткізетін бағыттар: «Шоқан Уәлиханов» атындағы гүлзардан бастап Шевченко көшесінің бойымен Махатма Ганди атындағы саябаққа дейін.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» Заңның 9 бабының 5 тармағында көзделген объектілердің іргелес аумақтары кемінде 150 метр арақашықтық шекарамен айқындалды.

Шешім Конституцияда белгіленген Қазақстан азаматтарының бейбiт әрi қарусыз жиналу, жиналыстар, митингiлер мен демонстрациялар, шеру және пикеттеу өткізу құқығының іске асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бүгін Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс 63-сессиясында бұл жоба мақұлданып, Алматы қаласының Әділет басқармасына тіркеуге жіберілді.


Соңғы жаңалықтар