Алматыда миграциялық ХҚО ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп Алматы қаласында миграциялық халыққа қызмет көрсету орталығын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалада жылдың басынан бері миграция бағыты бойынша  50 мыңнан аса қызмет көрсетілген. Енді еңбек мигранттары мемлекеттік қызметтерді халыққа қызмет көрсету орталықтарының стандартына сай «бір терезе» қағидаты бойынша ала алады.

Бұл - еліміздегі көші-қон қызметтерін көрсететін  үшінші орталық, алғашқысы осы жылдың басында Астанада, екіншісі шілде айында Шымкентте  ашылған болатын.

Бұрын шетелдіктер жұмыс істеуге рұқсат алу үшін қажетті құжаттарын рәсімдеп, бірнеше күн жүретін. ЖСН алып, салық мәселесін шешіп, медициналық тексерістен, дактилоскопиядан өтіп, сақтандыру анықтамасына қол жеткізу үшін бірнеше мекемені аралауға мәжбүр еді. Енді шетелдіктер құжаттарды бір жерде, бір сағаттың ішінде рәсімдеу мүмкіндігіне ие болды.

«Миграциялық ХҚО-да шетел азаматтары мемлекеттік қызметтерді белгіленген уақыт ішінде регламентке сай бизнес үрдіс және электрондық кезек арқылы арнайы жабдықталған жұмыс орындарында ала алады. Бұл мигранттар үшін ғана емес, жұмыс беруші үшін де өте қолайлы. Жаңа миграциялық ХҚО жұмыс барысын жеңілдетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын-алуға жол ашады», - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Ғалым Қарқынбаев.

Жаңа фронт-кеңсе Алғабас-1 ықшамауданы, «Атлетикалық қалашықта» ауданы 576 шаршы метр, заманауи ғимараттың екінші қабатында орналасқан. Орталықта мемлекеттік корпорацияның 31 маманы таңғы сағат 09.00-ден кешкі сағат 18.30-ға дейін, түскі үзіліссіз, күніне шамамен 1,5 мыңдай азаматқа қызмет көрсетеді. 

 

 

Соңғы жаңалықтар