Алматыда метро мен сауда орталығында пранк жасаған жігіт 10 тәулікке қамауға алынды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда метро мен сауда орталығында пранк жасаған жігіт 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында азамат А-ға қатысты әкімшілік ісі қаралды.

Сотпен анықталғаны, азамат А. «Mega Сenter» ойын-сауық орталығында қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзып, үстіндегі киімін шешіп тастап, пранк жасап, видео түсірген, яғни үстелдің үстіне шығып қатты дауыспен айқайлаған, осы әрекеттерімен айналасындағылардың наразылығын тудырды.

Сот барысында азамат А. өзінің әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәсін толық мойындап, жасаған іс әрекетіне өкінді.

Сот оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік шарасын тағайындады.

«ӘҚБтК-нің 434 бабы 1 тармағы бойынша ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер- бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға әкеп соғады», - деп түсіндірді Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Алматы полициясы метро мен сауда орталығында пранк жасаған жігітті іздеп жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар