Алматыда метро құрылысына байланысты сатып алынатын жер учаскелерінің ақшасы қашан төленеді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Метро құрылысына байланысты сатып алынатын жер учаскелерінің ақшасы мамырдың соңына дейін төленеді. Бұл туралы мегаполис әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданы халқымен кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда метро салынуына байланысты Наурызбай ауданында Әшімов көшесінен төмен қарай жер телімдері сатып алынып жатыр.

«Былтыр учаскемізге бағалау жұмыстары жүргізілді, желтоқсан айында ақшамызды алуымыз керек болатын. Бірақ ол кезде төлемеді. Енді мамырдың 10-ы деп еді, тағы жоқ. Сізден сұрайтынымыз – осы мәселені тезірек шешіп берсеңіз»,- – деді Наурызбай ауданы тұрғыны.

Қала әкімі Ерболат Досаевтың айтуынша, аталған жер телімдерінде өткен аптада бағалау жұмыстары жүргізілген.

«Енді әрқайсыңызды жеке шақыратын болады. Тиісті шартқа қол қоясыздар. Қаражат бар. Маған енді осы қол қойған қағаздар керек. Одан кейін бірден төлеп береміз. Мен алдында мамыр айының соңына дейін сатып алатын жерлердің мәселесін шешіңдер деп тапсырма бергенмін»,- Ерболат Досаев.

Еске салайық, былтыр қараша айында Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы метро стансасын салу мақсатында мемлекет мұқтажына 92 жер телімі иеліктен шығаруға жататынын айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар