Алматыда меншік иелері бірлестігін тіркеу үшін қандай құжаттар керек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімдігінің өңірлік коммуникациялар орталығында мүлік иелерінің бірлестігін, кондоминиум құру және тіркеу алгоритміне арналған онлайн брифинг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салайық, 2020 жылдың 7 қаңтарында Мүлік иелерінің бірлестігін, кондоминиум құру және тіркеу туралы заң қабылданды. Осылайша, қала тұрғындары ПИК орнына кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысанын — мүлік иелерінің бірлестігін немесе көппәтерлі үйдің жай серіктестігін таңдауға міндетті.

Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиевтің айтуынша, Алматыда бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізілуде.

Алгоритм бойынша тұрғындар келу тәртібімен пәтер иелерінің, тұрғын емес үй-жайлардың жиналысын өткізе алады, оның барысында мүлік иелерінің бірлестігін қарапайым серіктестік құру туралы шешім қабылданады.

Бұл ретте, МИБ құру үшін жалпы жиналысқа қатысушылардың немесе жалпы пікірі сұралғандардың жартысынан астамының, яғни барлық пәтер иелерінің кемінде 26% - ның келісімі қажет.

«Қазіргі уақытта күрделі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, қала тұрғындарына сауалнаманы жазбаша жүргізуге көшу және талқылауларды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жүргізу ұсынылды. Сондай-ақ, санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтай отырып, пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар иелерінің жиналыстарын өткізу кестесі жасалды», - деді Мейіржан Отыншиев.

Жиналыстардың өткізілу кестесін қаланың тұрғын үй саясаты басқармасының ресми сайтынан және әлеуметтік желілерінен табуға болады.

«Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Алматы қаласы бойынша филиалының Медеу аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы Мадина Аманованың айтуынша, мүлік иелерінің бірлестігін тіркеу үшін құжаттардың ең аз пакеті қажет.

ХҚО-ға мына құжаттарды тапсыру арқылы МИБ тіркеуге болады:

- МИБ атынан өтініш;

- жиналыс хаттамасы;

- типтік жарғы;

- 1 АЕК мөлшерінде тіркеу алымын төлеу туралы түбіртек (2 778 теңге).

Тіркеу рәсімі 5 жұмыс күнін алады.

Кондоминиум объектісін тіркеуге келетін болсақ, ол үшін тұрғын үй-жайлардың кемінде екі меншік иесінен өтініш қажет, сондай-ақ 2 405 теңге мөлшерінде тіркеу алымы төленеді. Өтінішті қарау мерзімі екі жұмыс күні.

Тіркеуші орган тұрғын үй қатынастары туралы Заңға сәйкес құқықтық кадастрға мәліметтер енгізеді.

Сонымен қатар, тіркеу интернет желісі арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүргізілуі мүмкін. Бұл процедура толығымен жеңілдетілген.

«Егер бұрын кондоминиум нысанын тіркеу үшін жер учаскесіне құқық белгілейтін сәйкестендіру құжатын беру, сондай - ақ үлестерді есептеуді жүргізу қажет болса, қазіргі уақытта тіркеуші орган осы рәсімді электрондық жүйе арқылы өздігінен жүзеге асырады», - деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының тіркеу басқармасы басшысының орынбасары Жарқын Өтегенов.

Өз кезегінде, Алматы қаласы әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бойынша жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ақерке Қожахметова басқарудың жаңа формаларын тіркеу кезінде тіркеуші органдардың қандай мәселелерге тап болатыны туралы айтып берді.

«Бүгінгі таңда тіркеу барысында кейбір сұрақтар туындайды. Тіркеуші орган көбінесе дұрыс жасалмаған хаттамалармен, хаттамаларда кворумның болмауымен ұшырасады. Яғни, олар өткізетін жиналыста меншік иелерінің кворумы көбіне заңда көрсетілгеннен аз болады. Сол себепті тіркеу мерзімдерін тоқтата тұруға және түзету үшін азаматтарға қайта жіберуге тура келетін кездер болады. Сондай-ақ, тұрғындар екі МИБ-ті бір заңды мекенжайға тіркеген кезде қиындықтар туындайды. Яғни, тұрғындар бір тұрғын үйде екі МИБ тіркеуге тырысады, бұл заңға қайшы», - деді А.Қожахметова.

Үйді басқарудың жаңа формаларын құру және тіркеуге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда тұрғындар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 1414 бірыңғай байланыс орталығына жүгіне алады.


Соңғы жаңалықтар