Алматыда менингиттің таралуы: Полиция ешкім кінәлі емес деп тапты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы менингиттің өршуіне қатысты іске кінәлі тұлғалардың болмағаны үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы прокуратурасы 2018 жылғы сәуір айынан 29 мамырға дейін Алматыда менингоккок инфекциясының таралғанын анықтады. Жұқпаның салдарынан 4 адам өлімі тіркелді. 29 мамыр күні сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде Алматы қаласы Қоғамдық денсаулықты қорғау департаментіне қатысты абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан санитарлық тәртіп пен гигиеналық нормативтерді бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді», делінген ҚР ІІМ-нің агенттіктің сауалына берген жауабында.

Тергеу амалдарын Алматы қалалық ІІД-нің тергеу басқармасына жүргізді.

 «Алматы қаласы Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті қызметкерлерінің іс-қимылынан қылмыстық әрекетке жататын объективті және жеткілікті дерек мағлұмат табылмады. 19 шілдеде сотқа дейінгі тергеудің мерзімі ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің «қылмыстық құқықбұзушылық жасаған тұлғаны анықтамау» бабы негізінде тоқтатылды»,  делінген агенттіктің сауалына берілген жауапта.

Бұған дейін Алматы қалалық ІІД менингококк сырқатының өршуі туралы жалған ақпарат тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқаны хабарланған еді.

Еске сала кетсек, ҚР ДСМ мәліметіне сәйкес, 2018 жылдың басынан бері 63 дерек тіркелген. Оның ішінде 13 адам жұқпаның асқынуынан көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар