Алматыда менингиттен қайтыс болғандармен 3,5 мың адам байланыста болған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда менингококк жұқпасын тасымалдаушы 10 адам анықталды. Сондай-ақ қайтыс болған 6 адаммен 3,5 мыңнан артық адам байланыста болған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова мәлім етті.

«60% астамы 15-29 жас аралығындағы жастар. Жұқпаның 96 ошағы табылды. Оның 80-і - үйлерде. Байланыста болған 3692 адам бақылауға алынды. Олар антибиотикпен емделуде. Олардың ішінде 2084 адам емін аяқтады, 172-сі жалғастыруда. 10 адам жұқпаны тасымалдаушы екені анықталды», - деді Айзат Молдақасымова.

Маманның айтуынша, қаза болғандардың басым көпшілігі дәрігерге кеш жүгінген.

«Кейбірі стационарға келесі күні келсе, бірі төртінші, сегізінші тәулік дегенде дәрігерге көрінген. Сонымен қатар қайтыс болған балалар жекеменшік емханаға барып қаралған. Онда балаларға дер кезінде диагноз қойылмаған. Балалар жансақтау бөліміне өте ауыр халде түсті. Олардың өмірін аман алып қалу мүмкін болмады», - деді департамент басшысы.

Департамент басшысы балалардың ауруға шалдығуына суық тию ықпал еткенін айтты.

«Бұл ауру иммунитеті әлсіз балаларға жұғатыны белгілі. Бассейнге баруды шектеген себебіміз де сол. Балалар судан шыққан соң суықтап қалуы мүмкін. Сондықтан әлсіреген балаға ауру тез жабысады», - деді Айзат Молдақасымова.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, бүгінде Алматыда 48 адам менингококк жұқпасына күдік туындаған соң дәрігерлерге жүгінген. Оның ішінде 32 адамда менигококк жұқпасы бар екені зертханалық түрде расталды.

Ал республика бойынша менингиттен 13 адам көз жұмған.

Алматыда 5 адам қайтыс болды. Олардың екеуі - 5 жасқа дейінгі балалар. Екі баланың анасы аурудың алғашқы белгілері басталғанда жекеменшік емханадағы өздерінің жеке дәрігерлерінен кеңес алғаны анықталды.

Сырқаттанғандардың бірі - 27 жастағы өрт сөндіруші Олжас Сүлейменовтың ауруы небәрі 12 сағаттың ішінде асқынып, ол кенеттен көз жұмды.

Жалпы, Алматы облысында 4 жағдай өліммен аяқталды.

Соңғы жаңалықтар