Алматыда менингиттен 5 жасар бала көз жұмды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 5 жасар бала менингит инфекциясынан көз жұмды. Бұл, аталмыш жұқпадан биыл қайтыс болған үшінші адам. Бұл туралы қалалық Қоғам денсаулығын қорғау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департамент басшылығының айтуынша, соңғы күндері ауруханаларға 47 адам жүгінген. Олардың 15-інде диагноз зертхана арқылы расталған. 15 адамның ішінде екі ересек және 5 жасар бала көз жұмды. 

«Бұл оқиғалар бір-бірімен байланысты емес. Бірінші жағдайда ер адамның көкбауыры жоқ болғандықтан иммунитетті әлсіз болды. Ол адамның өмірін арашалай алмадық. Екінші жағдайда, жас қыз бен 5 жастағы бала бірден асқынатын түріне шалдығып, қысқа уақытта көз жұмды. Олармен байланыста болған 715 адам дәрігерлердің бақылауында», - деді Айзат Молдақасымова.

Дәрігерлердің айтуынша, 18 мамыр күні балабақшада жүрген баланың дене қызуы көтерілген. Кешке таман үйге келгенде буындары ауыра бастаған. Бірнеше сағат өткен соң баланың аяқтары қызарған. Шұғыл түрде шақырылған жедел жәрдем баланы түнгі сағат 00:50-де балалар ауруханасына алып келген. Алайда, дәрігерлер аурудың жылдам асқынуына байланысты баланың өмірін арашалай алмады.

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ профессоры, жұқпалы және тропикалық аурулар кафедрасының меңгерушісі Дүйсенова Амангүлдің айтуынша, көз жұмған жас қыз тамағы ауырып, қызуы көтерілсе де ертеңгісін жұмысқа барған. Кеңседе өзін одан бетер нашар сезінген. И. С. Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына шұғыл түрде жеткізілгенімен, оны құтқару мүмкін болмады.

«Ал көкбауыры жоқ адам аурумен күресіп 10 күн жансақтау бөлімінде жатқан. 10-ыншы күні ол көз жұмды», - деді дәрігерлер.

Дәрігерлер Алматыда індеттің эпидемиясы туралы дабыл қағудың қажеті жоқтығын айтуда.

«Аурудың үлкен мерзімділікке өтуі 10-15 жылда бір кездеседі. Яғни, 2010 жылы - 28 адам, 2011 жылы - 44 адам, 2012 жылы -23 адам, 2016 жылы 66 адам ауруға шалдыққан. Індетті бірінші кезекте иммунитеті әлсіз адамдар жұқтырады», - деді А. Молдақасымова.

Медицина мамандары Алматы тұрғындары мен қонақтарына адам көп шоғырланатын жерлерге бармауға кеңес береді.

«Қазір барлық ұйымдарда мәдени-спорттық шараларды азайтуға тырысып жатырмыз. Халыққа алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.  Ауырған адамның барлығы бірдей көз жұмбайды. Мысалы, Алматыда жұқпалы аурулар ауруханасында 2 адам менингококцемия диагнозынан жазылып келеді. Сондай-ақ менингит ауруы бір сәтте жұқпайды. Яғни, 3 аптадай уақыт араласқан соң ғана жұғуы мүмкін. Сол себепті, бұл қалыпты жағдай дегім келеді», - деді Амангүл Дүйсенова.

Еске салайық, әлеуметтік желіде тараған хабарламадан соң Алматы тұрғындарының арасында дүрбелең туған болатын. 20 мамыр күні Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жауап беріп, қалада менингит эпидемиясы жоқтығын айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар