Алматыда «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Журналистердің кәсіби мерекесіне орай қалалық «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Қалалық Тілдерді дамыту, мұрағат және құжаттама басқармасы ұйымдастырған байқауда жыл басынан бері мемлекеттің тіл мәселесі жөнінде қалам тербеп келген журналистер бақ сынады. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл саясатының бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталуына белсене ат салысқан жеңімпаздар ішінде «Үздік баспасөз журналисі» номинациясы бойынша ІІІ орынды «Қазақстан заман» газетінің журналисі Арай Сахариева, ІІ орынды белгілі журналист, қаламгер Мырзан Кенжебай, І орынды «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Өтеш Қырғызбай иеленді. Ал «Үздік тележурналист» номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орын «Қазақстан» ұлттық арнасының журналисі Шыңғыс Кіребайға бұйырса, ІІ орын «Мир» арнасының тілшісі Бауыржан Әпсейітов, І орынды «Қазақстан» ұлттық арнасының журналисі Жазира Зәкірқызы иеленді. «Үздік радиожурналист» номинациясы бойынша жүлделі орындардың бәрі «Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиосының журналистеріне бұйырды. Атап айтқанда, І орынды «Қазақ радиосының» журналисі Жанар Оразымбетова, ІІ орынды Айнұр Шамшейітова, ІІІ орынды Гүлназ Молдабергенова еншіледі. «Интернет-сайттағы үздік журналист» номинациясы бойынша Дастан Елдесов, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Айнаш Есәли, Қымбат Сләмбекова топ жарды. Басқарма басшысы Мамай Ахметовтің айтуынша, байқауда бақ сынаған журналистердің еңбегін саралау үшін «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмей, төбе бидің қызметін атқара алатын қаламгерлер қазылық етті. «Мемлекеттік тіл қазақ баспасөзінде ең жиі көтерілетін тақырып, сондықтан сондай көп жұмыстың арасынан үздікті таңдау оңай болған жоқ. Біраз пікір таластыруға тура келді. Тақырыпта тек тіл мәселесінде шектеліп қоймай, ұлт, отан туралы материалдарды да бағаладық. Журналистік шеберлікті де ескердік», - деді Жүсіпбек Қорғасбек. Марапатталған журналистер ұялы телефон, сандық фотоаппарат сияқты бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттарға ие болды. Бірінші орын иегерлерін 22 қыркүйекте - Тілдер күні қарсаңында Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімов марапаттайтын болады.

Соңғы жаңалықтар